Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Денсаулық – зор байлық -

Денсаулық – зор байлық

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 3789 | Размер: | Автор: гость
. Тәрбиеші: Ақназарова Г.
Сыныбы: 3ә
Сабақтың тақырыбы: «Денсаулық – зор байлық»
Сабақтың мақсаты:
Жас ұрпаққа адам денсаулығының қымбаттылығын, өмір сүру үшін қажетті бағалы байлық екендігін түсіндіру.
Міндеттері:
1. Оқушыларға денсаулық күтімі туралы түсінік беру;
2. Денсаулығын нығайтуға деген қызығушылықтарын дамыту;
3.Денсаулығын күте білуге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: Ой қозғау, баяндау, жұмбақ, мақал-мәтел, рефлексия, жарнама, көрініс, сергіту сәті;
Көрнекілігі: Компьютер, интерактивті тақта, флипчарт, слайд, мультипликациялық видеолар;
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
• оқушыларды мультимедия сыныбына отырғызу;
• оқушылардың назарын сабаққа аудару.
«Денсаулық шеңбері»
Тәрбиеші:
- Балалар, ортаға шығып, шеңбер құрып, тұра қалайық.
Тәрбиеші балалармен бірге шеңбер құрып, «Денсаулық құпиялары» туралы тақпақ айтады.
Денсаулық - ол шыныққан,
Барлық денең мүшесі.
Денсаулық -ол тыныққан,
Жүйке тамыр жүйесі.
Денсаулық -ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық - ол жүруің,
Ешқандай жерің ауырмай!
Тәрбиеші: - Жарайсындар балалар, өз орындарыңа отыра қойындар.
Ой қозғау.
Сұрақ: «Деніміз сау және күшті болып өсуіміз үшін не істеуіміз керек?»
(Оқушылар қойылған сұраққа жауап береді)

Кіріспе: - Балалар, бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Денсаулық – зор байлық» деп аталады. Денсаулық деген сөз – деніңнің саулығы деген мағынаны білдіреді. Деніңнің аурудан аман, қайратты, жігерлі, көңілдің көтеріңкі болуының өзі – денсаулықтың белгісі. Дене мүшелерінің, ішкі ағзалардың бірі ауырса, адамның денсаулығы нашарлап, көңіл–күйі түседі, еш нәрсеге зауқы болмайды. «Денсаулық – зор байлық» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ол ақшаға сатылмайтын, ешбір бағалы затпен тең келмейтін құнды байлығымыз. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеніміз абзал.

Денсаулық ережелері:
 Дұрыс тамақтану.
 Тәулігіне 10 сағат ұйықтау.
 Таза ауада көбірек жүру.
 Тазалықты сақтау.
 Спортпен шұғылдану.
 Апта сайын моншаға бару.
 Тамақты шамадан тыс тойып ішпеу.
 Тамақтан соң ауызды шайып, қолыңды жуу.
 Күніне 2 рет тісті тазалап жуу.

Денсаулықтың достары: Денсаулықтың қастары:
Көңілді жүру Дұрыс тамақтанбау
Спортпен шұғылдану Зиянды әдеттер
Шынығу Жалқаулық
Дұрыс ұйықтау Салақтық
Демалу Ашушаңдық
Дұрыс тамақтану Күн тәртібін сақтамау
Тазалық

Олай болса, бүгінгі тәрбие сағатымызда “Денсаулық” атты жүрдек жолаушылар поездымен бірнеше аялдамаларға тоқтаймыз. Аялдамаларда сендер көптеген анықтамалар алып, сұрақтарға жауап іздеп, өз ойларыңмен бөлісесіңдер.
Аялдамалар:
I. “Жұмбақ жасыру” аялдамасы
II. “ Жағдаяттар” аялдамасы
ІІІ. “ Дәрігер мен бала” көрініс
IV. “Сергіту сәті” аялдамасы
V. “Рефлексия” аялдамасы
VI. “Жарнама” аялдамасы
VII. “Мені жалғастыр” ойыны
VIII. “Тыныштық сәті” аялдамасы
IX. «Дәрігер кеңесі» аялдамасы

“Жұмбақ жасыру” аялдамасы
(Балаларға дене мүшелеріне байланысты бірнеше жұмбақтар жасырылады)
Көреді бәрін өзгенің,
Көре алмайды өздерін? (Көз)
Екі шырақтың ортасында бір өзім? (Мұрын)
Күмбір - күмбір қарағым,
Қартайғанша жарадың. (Құлақ)
Ти десем тимейді,
Тиме десем тиеді. (Тіл)
Қимылдаса қос шебер,
Қыруар - қыруар іс өнер. (Қол)
“ Жағдаяттар” аялдамасы
Самат таңертең сабаққа асығыс тамақтанып шықты. Анасы баласының бұл ісіне кейіп, “Денсаулығыңды бұзасың ғой, асықпай отырып дұрыс тамақ ішсең қайтер еді? – деп кейіді. Самат анасына “Тамақтанбаудың денсаулыққа әсері қанша?” – деп, жүре тыңдады.
Қалай ойлайсыңдар: Саматтың айтқаны дұрыс па? Ал, сендер қалай тамақтанасыңдар?
“Дәрігер мен бала” көрініс
(Сахнаға ақ халатты дәрігер мен жас бала шығады.)
Бала есікті қағып, «Кіруге бола ма?», - деп сұрайды.
Дәрігер: - Кіріңіз.
Ішке бала кіреді.
Бала: - Саламатсыз ба?
Дәрігер:- Саламатсың ба. Бұл жерге қандай себеппен келдің?
Бала:- Басым, көзім ауырады, ұйқым келе береді.
Дәрігер:- Сағат нешеде тұрасың?, нешеде ұйықтайсың?
Бала:- Түнгі 2-3-терде ұйықтаймын, азанда 11 -де тұрамын.
Дәрігер:- Асқа тәбетің қалай? Қалай тамақтанасың?
Бала:- Қолыма не түседі, соны жей саламын.
Дәрігер:- Нені ұнатасың?
Бала:- Теледидар көргенді, компьютерде ойнағанды ұнатамын.
Дәрігер:- Оған қанша уақыт бөлесің?
Бала:- Ұйқым келгенше ойнай беремін.
Дәрігер:- Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар, бұл бала неліктен ауырады? Себебін айтып, кеңес беріңдер.
“Сергіту сәті” аялдамасы
(Бұл бөлімде балалар видео арқылы жаттығулар жасайды)
“Рефлексия” аялдамасы
(Балалар тақтада берілген сурет бойынша әңгіме құрастырады)
“Жарнама” аялдамасы
(Балалар жемістер мен көкөністерді жарнамалайды)
• Алманы көп жесе түрлі ауруларға қарсы тұруға көмектеседі. Қараңғыда көруді жақсартады, шаштың, тырнақтың өсуіне әсер етеді. Тағы да алмада сүйекті қуаттандыратын К витамині бар.
• Лимонды кесіп алып, шайға салып, ішіп жүрсе, қан жүрісі реттеледі, қан қысымының көтерілуі бәсеңдейді. Лимонмен шай ішкен адамның жүйкесі бірқалыпты болады.
• Банан – жүректің соғуын дұрыстайды, қан қысымын реттейді.
• Қызанақ - ол біріншіден, тағам ретінде өте пайдалы. Екіншіден, қызанақта С дәрумені өте көп.
• Жүзім құрамындағы магний адам денесіне де, мидың да тынығуына да ерекше әсер етеді. Ол бауыр ауруларын, қан аздықты (анемия) емдеуде көп қолданылады.
• Шие – күніне 20 шие бір аспириннің әсерін береді.
• Қарбыз – қан көбейтеді. Бүйрек, бауырдың жұмысын жақсартады.
• Пияз тамаққа ерекше дәм береді. Жұқпалы аурулардың микробын өлтіреді. Сарымсақ пен пияз өкпеге салқын тигенде, жөтелгенде емге қолданылады.
• Сәбіздің де құрамында дәрумендер көп. Көп жесеңдер бойларың өседі.
• Жүгері -дәрілік шикізат ретінде шашағы пайдалы. Жүгері шашақтары өт пен зәр айдайды.
“Мені жалғастыр” ойыны
1. .................- адамның арқауы.
2. ….......…………. – денсаулық кепілі.
3. Шынықсаң - ........................ боласың.
4. Ішің ауырса аузыңды тый,
Көзің ауырса ....................... тый.
5. ........………. қара, шашыңды тара.
6. Өзі тоймастың ...................... тоймас.
7. Дені саудың - ...................... сау.
8. Демі бардың - ...................... бар.
“Тыныштық сәті” аялдамасы
(«Денсаулыққа» байланысты видеороликті тамашалау)
«Дәрігер кеңесі» аялдамасы
(Бұл бөлімде осы мектеп-интернаттың дәрігері Несібелі апай балаларға денсаулық жайлы кеңестер береді)
Ой қорыту:
 Біз бүгін қандай тақырыпта сөз қозғадық?
 Денсаулықтың достары мен қастарын атаңдар?
 Сендер қандай азамат болып өсулерің керек?
Қорытынды: «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен бақытты болады өмір», -демекші дені сау, батыл жүректі, салауатты өмір салтын орнықтыруға дайын ұрпақ болып өсіп, ешқашан ауырмай, өз денсаулықтарыңды күтіңдер!
«Жүректен - жүрекке» шеңбері:
Отанды біз сүйеміз,
Денсаулық сақтай білеміз.
Кішкентай ғана жүрегімізден,
Бақыт, шаттық тілегіміз!
(Балалар бір-біріне шын жүректен өз тілектерін жолдайды)
Осымен сабағымыз аяқталды. Келесі кездескенше сау болыңыздар!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.