Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Көркем әдебиеттің өмір танытушылық маңызы -

Көркем әдебиеттің өмір танытушылық маңызы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1750 | Размер: | Автор: гость
. Махатаева Гүлжайна Иманқызы
Арыс қаласы «Жиделі» ЖОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Көркем әдебиеттің өмір танытушылық маңызы

Құнды сөз- құнарлы ойдан. Көркем шығарманың суреті, бояуы,сөз құдіреті- қашаннан білім,парасат,талант дейтін ғаламат қадір-қасиеттің туындысы.Тіл табиғатын,сөз құдіретін тану үшін прозаны,яғни, қарасөзді оқи білу керек.Прозаға ой,астар,көңіл-күй,сезімді өзінің құтты ұясы поэзия дарытқан.Ғасырлар бойы халық даналығы табыстырған әдемі тіркестер мен жеңіл тілмен жазылған оқиғалар,керемет сомдалған кейіпкер келбеті кез-келген сөз қадірін білетін талғампаз жүректі елжіретуі әбден мүмкін. Көркем әдебиет адамға рухани азық болумен қатар, өмірді тануға үйретеді.Әдебиет —әдептілік әлемі.Көркем сөзді келістіруші жазушы өмірдің телегей-теңіз тұнығы мен көлеңкелі тұстарын сөз бояуымен суреттейді.Көркем әдебиетті сүйіп оқитын оқырман шығарманың идеясын мазмұнын түсіну арқылы біледі.Академик З.Қабдолов «Сөзөнері»деп аталатын монографиясында әдеби туындының көркемдік кестесіне,суреткер шеберлігіне,сөзбен сомдалған тұлғаның табиғатына қатысты құнды пікірлер айтады. «Жазушы,-деп жазады ол,-өзініңсөздік қорын молықтыру үшін жалпыхалықтық тілдің бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ игеруі,оның қилы-қилы,қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі,әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұлан-ғайыр өзгерулер мен өңдеулерді,құбылтұлар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет»,-деп жазушының шеберлік әлеміне барлау жасайды.Шығарманың шырайын келтіретін,ажарын түрлендіретін құбылыстардың бірі -халықтың этикалық дәрежесі,адамгершілік -моральдық қағидаларының жүйесі.Суреткердің өмірлік нысаны шығармасынан көрініс табады да, оқырманын жақсыдан үйрендіреді,жаманнан жирендіреді.
Айдын көлден ажырар сағатында,
Арман кетер аққудың қанатында.
Арман қалсын,алайда жыр қалмасын,
Жердің мына жетіқат қабатында.
М.Мақатаев.
Табиғат берген таланттың әдебиет тарихында таңбасы қалады.Көркемсөз құдіретін жүрегінің нұрымен,көкірегінің үнімен жырлаған ақын сөз қадірін осылай бағалайды.Көркем әдебиеттің әр алуан тақырыптары тіл сұлулығы арқылы оқырманды өзіне баурап алады.Сөзөнеріне айрықша көңіл бөлетін жазушы тілдің лексикалық нәрін беруге тырысады.Оқушының тіл байлығының артуына, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына мән бере отырып,өмір сүруде дұрыс жолды таңдауына ерекше тоқталады.Өз халқының ой- арманын шынайы,терең суреттей білген ұлттық шығарма ғана танымал шығармаға айналады.Жусанның жұпар иісі жанға жайлы-ақ.Сол жұпар иісті кез- келген шығармадан кездестірсек нұр үстіне нұр.Бізге ойлы сөздің салтанаттысабын қайта құрған,бүкіл табиғатымен беріле жазатын жалынды жазушы,қарулы қаламгер тұлғасы керек.
Мектеп оқушыларының кітапханамен байланысына әдебиет пәні мұғалімдері тікелей жауапты. Оқушы қазақ жазушыларының есімін шығармаларын ұстазынан естиді.Әр жазушының шығармашылығын оқығанда ерекше бір сиқырлы сезім пайда болады.Шығармадан өзіне сүйкімді кейіпкер табады.Шығарманың аяғына дейін кейіпкермен бірге шытырман оқиғаларды бастан кешіреді.Кейіпкер қуанса қуанып, мұңайса мұңаяды.Көркем әдебиетке жаны құмар оқушы рухани игіліктің асылын бойына сіңіре бастайды.Жазушының өмір көріністерін суреттеудегі шеберлігіне тәнті болып, кейіпкерді өзінің сырласындай көреді.Оқыған шығарманың тоқетер түйінін аңғарып, өзіндік ой-пікір қалыптастырады.Қызықты шығарманың шырмауынан шыға алмай, қаһарман келбетіне еліктей бастайды.Өмірдің баспалдағын жаңа басқан жауқазын жас оқырман болашақ өмірді көркем әдебиет оқу арқылы елестетеді.Көркем шығармаға деген қызығушылығы арта бастайды.Уақытын босқа өткізбеуге тырысады.Көркем шығарма оқитын оқушы сөзге жүйрік, мейірімді,терең ойлы болады.Осындай ерекшелікті қалыптастыратын тіл өнеріне неге табынбасқа!» Бір сөз үшін арып, бір ауыз сөзге семірген»халқымыз жүйелі сөздің билігіне жүгінген.Қ.Мырзалиев:
Атыңды оқып, кітабыңды қарамаса ашып та,
Қой дегені ол оқушының,миымды көп ашытпа!
...Бәрі сонда дарындының бақыты да сол жерде,
Бәрі сонда дарынсыздың табыты да сол жерде,-деп әдебиеттің киелі екендігін жырмен сипаттайды. Асыл сөздің табиғатын жан-тәнімен сүйетін қаламгер шығармасын оқығанда жан сарайың шайдай ашылып,көңіл шіркін ізгілік нұрына малынып шығары анық.Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді. Сөз маржанын теріп, халықтың бай ауыз әдебиетінің кәусарынан сусындаған жазушы оқырманды тіл шапағатына бөлейді.Оқырман осындай көркем туындыны қолдан-қолға тигізбей оқиды.Кейіпкер арман-үмітін өзінің қиялымен үндестіреді.
Көркем әдебиеттің бала ойын дамытатын,арманын биікке апаратын қасиеті болады.Қазақ балаларына арналған көркем прозаның баспалдағы әңгімеден басталған.Өмірді жаңа ғана ұға бастаған жас оқырмандар өз өмірлеріне қатысты жазылған әңгімелерді оқу арқылы мөлдір жанына адамгершілік пен үлкен болмысты қалыптастырады.
Жалпы алғанда, Шоқан жазған әдеби очерк, публицистика, Ыбырай қанаттандырған новелла,Абай толғаған философиялық қара сөздерден бастау алған қазақ прозасы - көркем әдебиетіміздің қайнар бұлағы. Бұл турасында біртуар жазушымыз М.Әуезов былай дейді: «Салт ертегілері қазақта ұшан-теңіз ... Бүгін туып отырған көркем прозаның (әңгіме,повесть,романның) мол іргесі,кең қоры осытүрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы (халық романы),тарихи ұзақ әңгіме (повесть), қысқа әңгіме(новелла),қызық құрылысты өткір әңгіме, өсиет әңгіме, геройлық әңгіме, өмірбаяндық әңгіме, шытырман оқиғалы (приключенский әңгімелер-бәрі де осы топтан табылады» Заман,дәуір, әлеуметтік жағдай әдебиетке қашан да ен таңбасын салады.
Көркем образ арқылы өмір құбылысы суреттеледі.Әдебиет -жекелеген қаламгерлердің шығармашылық таланты арқылы жасалса, әдебиет жанрлары да сол көркем сөз зергерлерінің тынымсыз ізденулерімен алға басады.Көркем әдебиеттің құнарын шығарманың сюжеті мен кейіпкер бейнесі арқылы көреміз.
Тіл-әр халықтың ең асыл да қымбат бұйымы, бағалы байлығы.Көркем әдебиет тұрғысынан қарағанда,тіл-өмір сәулетін бар көркімен жайнатып, оқушының көз алдына алып келетін басты құрал, қуаты мол сырлыбояу.Талантына, шеберлігіне орай көркемсөзге кенде болмау,оны бар ажар көркінде құлпырту-суреткердің асқан тұлғалық, адамгершілік парызы.Тілдің ғаламат күші мен таусылмайтын мүмкіншілігін мұқият қадағалап, кезінде талай өнегелі ой білдірген қазақ суреткерлері де толып жатыр.Белгілі мәдениет қайраткері І.Омаров: «Дүниеде сөздің дертінен өткен ауыр дерт жоқ, сөздің шарапатынан шарапат жоқ, сөз тұрлаусыздыққа емес-баяндылыққа,өлімге емес- өмірге қызмет етеді»деген еді.Әдетте,адамды табиғаттан бөліп-жармай, шығарманың асқақ көрінісін жасау-шешен тілді жазушының әдісі. Адамды табиғат көркінен ләззат алғызбай,күрес,тартыс,түрлі жасампаз, жігерлі істерге барғызбай,қуантпай,ренжітпей шығарма тудыру - ақылға қонымсыз.Табиғаттың ғажап сұлу бейнесіне қызықпайтын,сұқтанбайтын бірде-бір адам баласы жоқ.Көркем шығармалардағы табиғаттың суреттелуі қай әдебиеттің болсын дүниетанымдық ерекше сыршылдығын танытады.Ол сонымен қоса, жазушы шабытын шақыратын,әсіресе,оқушы көңіліне орасан сезім құятын эмоциялық құдірет күші боп саналады.Бұған дәлел ретінде С.Сейфуллиннің «Жемістер»повесінен бір мысал келтірейік: «Қарағайлардың да жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып,құндақтары тұқым шашқан.Тікендердің жазғы алқызыл гүлдерінің орындарына қып-қызыл моншақтай, сабақтаған қызыл моншақ түймелердей болып, итмұрындар самсаған.Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары да алтындай сары алаланып құйылған. Өзеннің және қара сулардың жаға-жиектеріндегі селдіреген қамыстардың шашақтары үлбіреп,жел соқса ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған.Қамыстардың ақырын судырап,әдемі сыбырлаған жапырақтары да сары ала болған».Осылайша тамылжыған табиғатты көркем тілге бөлеген жазушының суреттеуінен Сарыарқадағы Нұраның күзгі қалпы ап-айқын көз алдымызға келеді.Сәкен ғажап табиғат көрінісін жасағанда ,атақты суретшілердің сиқырлы акварель бояуындай сөзді тіл қуатынан алған.
Профессор М.Балақаев көркем әдебиет тілінің шеберлік сипатын білдіретін тілдік тәсілдерді екі топқа беледі: «Бірінші, бейнелеу тәсілдері-өмірдің шындығын,құбылысын адамның көз алдына елестететіндей етіп суреттеу.Екінші, әсерлеу тәсілдері -адамның эмоциялық сезіміне әсер ететіндей көрсету».Көркем шығармада адам тағдыры әр алуан әрекет қуаныш, сүйініш, күйініш үстінде тартыс, қақтығыс үстінде ашылады.Оқырманның бауырмалдық,мейірімділік қасиетін қалыптастыруда М.Әуезовтың шеберлігіне қайран қаласыз.
«Қайран Тектім-ай... Алпамсадай арысым едің...Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаусап қалғансың- ау.Қолыма салмағың білінсеші,-деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді».Жазушының шеберлігі сол, аға мен жеңгенің жанашырлығы,ауру інісінің жан азабын тартқан халін суреттеуден өрбітіп, оқушысын баурап алуында деп білемін.
Адам баласының күнделікті тіршілігінде әдептілік мәселесі үлкен орын алады.Бұл тақырыпқа мектеп оқушыларына арналған Н.Сералиевтің «Қалаш пен Роза»дейтін әңгімесін талдап көрейік.Әңгіменің бас кейіпкері-бес жасар қыз бала.Әлі өмірде оң-солын танымаған жас болса да,жақсы мен жаманды ажырата білетін,кез-келген нәрсенің сырын ұғуға жаны құмар, сүйкімді кейіпкер.Ол өзінің бармақтай жүрегінің әміріне бағынады. Бас кейіпкеріміз Розаның іс-әрекетінен адамгершіліктің пәк ұшқынын көреміз. Өзіне көрсетілген өнегені өзгеге сыйлауға дайын тұратын сезімталдығы бар.Албырт сезімін жасырмай намысын қорғап, шым- шытырық оқиғаның ортасында балалық шынайы көңілін көрсете білген батылдығына таң қаламыз.Оқушы бұл әңгімені оқығанда, өзінің достарымен қарым- қатынасын еске алады.Розаның басынан өткен оқиғалар өзінің де басынан өткенін ерекше сезіммен мойындайды.
Жазушы әңгімесін әдемі, астарлы оймен түйіндеген.Өз дүниетанымы тұрғысынан әрекетін растағаны барлық балаға тән табиғи заңдылық екеніне көз жеткізесің,риза боласың.
Бүгінгі таңда елімізде білім берудің жаңа үлгісі қалыптасуда.Әдебиет саласы да жеке тұлға қалыптастыруда дәстүрлі тәсілдерден нәр алып, озық әдістерді пайдалануда.Ол үшін оқушының өмірге деген көзқарасын қалыптастыру қажет.Мемлекеттік бағдарламада қазақ әдебиеті пәні бойынша арнайы «Сыныптан тыс оқу» сағаты бар.Оқушыны жеке тұлғаға қарай жетелеуде күш-жігерін аямайтын мұғалім осы сағатты тиімді жаратады.Мен өз тәжірибемде осы мүмкіндікті барынша пайдаланамын. Оқушы жыл бойына кітапханадан көркем шығарма алып оқиды. Әр тоқсанның соңында келетін «Сыныптан тыс оқу»сабағында оқыған шығармасын ауызша және жазбаша түрде тапсырады.Ауызша талдау шығарма мазмұнын әдеби тілмен әңгімелейді.Жазбаша түрінде оқушы «Мен еліктейтін бейне» тапсырмасын орындайды.Оқушы сүйікті кейіпкерін жан-жақты талдайды.Ал бірлестік жоспарына сай «Менің сүйікті кейіпкерім»тақырыбында тіл ұстарту жұмыстары жүргізіледі.Осындай әрекеттер баланың тіл байлығын арттырып, ойын дамытады, асқақ арманға жетелеп, биік мақсатқа тәрбиелейді.Көпшілік алдында сөйлей білу өнерін, тіл табысу алғырлығын қалыптастырады.Көркем әдебиетті көп оқыған адамның өмір сүруге деген құлшынысы да өзгелерден ерекшеленіп тұрады.Жүрген ортасында сөзге шешен, ойға, айлаға жүйрік болатынына күмән жоқ.Шын жазушы дүниенің тылсымын бүкіл табиғатымен қабылдаса, шынайы оқырман шығарманы озық ойлы қызығушылықпен қабылдайды.Қаламгердің заман алдындағы жауапкершілігі қашан да оқырманға сүйеніш боларлық сыннан басталады.Жазушы не жазса да жүрегімен жазады да, оқырман пәк көңілімен оқиды.
Әр адамның өмір жайлы түсінігі әр түрлі.Автордың ішкі сезімі мен көркем шығарма кейіпкерінің ойы тоғысып, бір идеяға негізделеді.Шебер қаламгер оқиғаны қызықты етіп, оқырман сүйсініп, образға еніп кететіндей қиюластырады.Оқырманның кімнің кім екенін дұрыс тануына жағдай туғызып тосын мінез-құлықтар мен әр алуан қарым-қатынасты керемет деталь, штрихтар арқылы бейнелейді.Әсіресе, шығарманың ортасында шытырман астарлы оқиғалардың келуі оқырманды өзіне еріксіз баурап алады.Балаларға арналған көркем прозаның өмір танытушылық мәнін ашуда қазақ жазушыларының таланты таудай болып көрініп тұрады.Жұрттың бәрі біле бермейтін, өзіндік елеулі айырмашылығы бар бір ортаның шындығын қалың оқушы қауымға әсерлі жеткізіп берер қадір-қасиеті өз алдына бір төбе, қоғамдық мәнін танытуға да аса мән береді.Қазақ шығармаларында жасандылық кем де-кем.Оқырман өзі оқыған көркем дүниенің кереметіне келіскендей, оқуға шын ықыласымен кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалады.
Рухани байлығымыз тіл өнеріне деген құрметімізден ажырамасын.Табиғи таланттарымыздың қатары көбейсе, ынталы оқырмандарымыз тіл өнеріне табынады деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиеттер
1.3.Серікқалиев.Э.Серікқалиева Ақыл таразысы.
2.Әдебиеттану. Алматы. 1983.
3. Ә. Әзиев. Қазақ повесі.А. 1989. 4.3.Қабдолов.Сөзөнері.А.1976.
5. М. Әуезов. Зерттеулер. А. 1970.
6.Жанрдыңтегі мен табиғаты. (жинақ).А. 1989.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.