Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
«Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі» -

«Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі»

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 3972 | Размер: | Автор: гость
. «Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі»
Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы ана тіліміздің өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Осы орайда, Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Халыққа жолдауында «Mәңгілік Ел — елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!» деп айтқан болатын.
Әрине, ел мен тіл егіз ұғым. «Мәңгілік» сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі - ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Ол- мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан Рес¬пуб¬ликасында тілдерді да¬мыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға ар¬налған Мемлекеттік бағдар¬ламасы негізінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру елімізде табандылықпен жалғасып келеді.
Соның бір дәлелі ретінде Қармақшы ауданында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен 25 қарашадағы өткен «Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі» атты аудандық ақындар мүшәйрасын айтуға болады. Өңірде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен рухын асқақтату, ел ішінен қазақтың қара өлеңін ардақ тұтар дарынды жандарды іздеп табу және сол арқылы олардың шығармашылық бастамасына қолдау көрсету мақсатын ұстанған мүшәйраның сырттай өткізілу кезеңінде Қармақшы ауданы, Ақай мен Төретам кенттері және Байқоңыр қаласының жасы 15 –тен асқан оқушылары, сондай-ақ мұғалімдері қатысуға тілек білдірген. Алайда арнайы іріктеуден олардың ішінен 25-ке жуық ақын таңдалды. Сол ақындардың ішінде біздің мектебіміздің 11 сынып оқушылары - Бердалі Медғат пен Зинадин Арайлымда бар.
Мүшәйраның «Мәңгілік ел» тақырыбына арналуы бекер емес еді. Себебі, Мәңгілік ел тақырыбы – Отаншылдық, Ұлттық рухтың мерейін асыратын, Елдікке, Бірлікке үндейтін, жас ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайрайтын, туған ел мен туған тілге деген сүйіспеншілігін оятатын, қиыннан қиыстырып жырлай білген ақынға толғаған сайын көкжиегі кеңейе түсетін тұғырлы да ғұмырлы тақырып. Осындай бәйгеде бағын сынаған екі оқушымызда берілген тақырыпты тереңнен қозғап, кеңінен қамтып жырлауға барын сала білді.
Жас адамға қашанда талпыныс, жас ақынға іздену тән екені белгілі. Аталмыш мүшәйраға қатысушы оқушымыздың бірі Зинадин Арайлым жеңіс тұғырының биігінен көрінбесе де талабы мен талпынысының зор екенін көрсетті. Оған дәлел,
Өз тіліңді білгенің,
Отаныңды сүйгенің.
Құрметтеп ата-тегіңді,
Еліңе көңіл бөлгенің.
Құрметтей біл тіліңді,
Ұрпағың өсіп білімді.
Өзге тілді меңгеріп,
Сыйлашы Ана тіліңді – деген Арайлымның өлең жолдары әрбір санаға ой салары анық.
Өлеңдерінің мазмұны мен көркемдігі, ой жүйелілігі мен тереңдігі, тақырыпты қамтуы мен сөз қолданысы, ұйқасы мен өзектілігі бірлескен Бердалі Медғаттың жалынды жырлары қазылар мен көрерменнің көңілінен шығып, нәтижесінде II орынды иеленді. Жеңімпаз жас ақындарымыз дипломдар мен қатысқаны үшін сертификаттар, сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының атынан «Тіл сақшысы» газетіне 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына тегін жазылумен және бағалы сыйлықтармен оралды.
«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, шәкірттерінің шабыттарына шабыт қосып, қанаттандырып отырған ұстаздары - Қайнарова Мереке мен Ақсұнкарова Айнұрдың да еңбегі зор.
ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз.
Сондай-ақ, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы Медғат пен Арайлым секілді туған тілімізге жанашыр барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Олай болса, Елбасы салған сара жолдан таймай, елдігімізбен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін, көк туымыз желбіреп, айбынымыз асқақтай берсін демекпін!

Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы
№272 орта мектептің ғылыми-әдістемелік
жұмыстар жөніндегі орынбасары
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.