.
.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Н. Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңінің тілдік ерекшеліктері
Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1827 | Размер: | Автор: гостьМаликова Шолпан Саттарқызы
Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңінің тілдік ерекшеліктері
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді.
Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді.
Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.
...Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой–
деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –
деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.
"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларды өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады.
Мағжан Жұмабаев – ұзаққа созылған бодандық кезеңінде келімсек отаршылдардың халық жадынан өшіруге тырысқан рухани байлығын сақтап қалуға бүкіл ғұмыры мен әдеби күш жігерін арнаған ұлы тұлғалардың бірі. Ол жанын құрбан еткен қасиетті күрес тек оның өлімінен кейін жеңіс тапты. Келешек ұрпағына ол армандаған бақытты күндерде өмір сүру нәсіп болды. Қайсар ел перзентінің құрметке лайық өнегелі істерін мәңгі есте сақтап, ардақтау біздің қасиетті парызымыз. Мағжан өлеңдерінде әр сөз, әр сөз тіркесі, әр өлең жолы, сонымен қатар шумақтар талдауды қажет етеді. Себебі, өлеңдерінде мынадай логикалық байланысқа шығуға болады: жалпыдан жекеге, жекеден жалпыға өту. Мысалы: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңір берген несібі ғой. «Түркістан – екі дүние есігі ғой» - бұл жолдағы «екі дүние» сөзі, біріншіден «дүние» сөзі полисемия, екіншіден «екі дүние» тіркесін көптеген мағынада түсінуге болады. Мүмкін ол жаңа мен ескінің арасы, мүмкін ғылым мен өнердің, мүмкін фәни мен бақилық, тіпті кешегі өмір мен бүгінгі тіршіліктің нысаны болар. «Екі дүние» сөзі метонимия, яғни мұнда ол қандай дүние екенін жасырын күйде, тек үлкен ой сала отырып берген. Ал «есік» сөзі осы сөз тіркесіне жалғана метофора болады. «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген өлең жолындағы «түрік» сөзінің этималогиясына тоқталсақ ол «ер жүрек, батыл» деген мағына береді. Бүгінде «түрік» атауы жалпылама мағынада қолданылады. Ал «бесік» сөзі кіндік қаны тамған, туған жер деген мағына үстейді. «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген жолдардан параллелизм әдісін көруге болады. Дәлел: біріншіден «екі дүние» сөзінде –(нің) жұрнағы жасырын, екіншіден «есік» сөзі ұлттық санамызда қалыптасқан бірнеше мағына береді. Айталық, өмірге келгенде ме, әлде үйге кіргенде ме алғаш ашылатын есік. Сол сияқты, бесік те нәрестенің дүниеге келгендегі ең алғашқы орны болып табылады. Сонымен қатар, Түркістанға назар аударту үшін, өлеңге бірден ену үшін «түрік» сөзін қайталау амалын қолданады. Бұл шумақта «т» әрппінен құралған аллитерация құбылысы кездеседі. «Тамаша Түркістандай жерде туған түріктің Тәңір берген несібі ғой» деп қара сөзбен айтсақ дұрыс болады. Мұндағы «тамаша» сөзі эпитет. Ал соңғы тармақ шумақты қорытындылайды. Мағжан бұдан кейінгі шумақтарда қысқа, бірақ нақты тарихи мәліметтер бере кетеді. Мысалы: Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып өскен. Тұранның тарихы бар толқыламалы, Басынан көп тамаша күндер кешкен. Бірінші тармақта «Ертеде Түркістанды Тұран деген» деп айтса да болады, бірақ онда ақын ортақ мәнді беретін жұрнақты қоса отырып, халқын саналы түрде түгелдейді, тарихын – «толқымалы», күндерін – «тамаша» деген шынайы эпитеттермен әсерлейді.
Тұранның жері де жат, елі де жат, Құйындай бастан кешкен күні де жат.
Тұранды түгелімен билеп тұрған, Ертеде ертегі хан Афрасияб.
Жоғарыда атап көрсеткендей «жат» сөзі бұл тамаша, керемет деген мағанада екендігін бірінші жолда көрсетсе, енді екінші жолда олай емес «жат» сөзінің тағы бір мағынасы жадылап алу, сиқырлау дегенді білдіреді [2.500]. Басынан кешіп жатқан күнін құйынға теңейді. Яғни патшалық Ресейдің саясаты, отарлауы, қазақ халқының басына түсірген ауыртпалығы құйындай ұйытқып басынан кетпей тұрғанын меңзейді ақын.
Афрасияб – аңызға айналған тарихи адам, әдеби образ. Ол – ежелгі түркі тайпаларының ел ағасы, Иран патшаларымен жауласумен даңқы шыққан көсем деп Фирдаусидің "Шахнамесінде” айтылады, Махмұд Қашқари айтуынша, Афрасиябтың түрікше аты – Тоң Алып. Тұрған өлкесі ежелде «Афрасияб жұрты» деп аталған [3.600].
Шер батса кім іздемес туған елін, Тұлпар да көксемей ме туған жерін.
Арқаның ардагері – қалың алаш, Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
Қазақ халқында «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген аталы сөздер бар. Қазақ соңғы сапарға аттанарда да өз елімде, өз жерімде сүйегім қалса екен деп, өлгенде де туған ел, туған жердің қадірін түсінген. Шер бату, уайымнан, мұңнан туған сағыныштың қатты батқанын айтады. Салыстырмалы түрде «Тұлпар да көксемей ме туған жерін?» деп сұрай арнайды. Ол жауапсыз риторикалық айшық десек те болады. Параллелизм үлгісі де бар. Арқадағы қалың алашқа Тұранның қазіргі қайғылы жайын ойлануға шақырады.
Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун, Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасына, Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін!
Жыр соңындағы соңғы шумақ, соңғы тармақ «Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін!» деп аяқталады. Сөз басында ең алғашқы шумақта мынадай заңдылық айтылды: жалпыдан жекеге, жекеден жалпыға шығу жолы. Осыған дейін жалпыдан жекеге шыққанбыз, Түркістаннан Тұранға көшіп оны жеке-жеке бөліп, шашып, барлық дүние қамтылған. Енді дәл осы жерде, керісінше, жалпыдан жекеге қайту, яғни Тұраннан Түркістанның дәл өзіне, нақтылай айтса, дәл осы қаладағы дара үлгі өнегесімен бүкіл түркі жұртын ислам іліміне бағыттаған, бұдан кейінгі танымы мен түсінігін қалыптастырған, алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке түсіп, дүниенің ақиқатына жетуін мұрат еткен ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің қасиетті бейітіне қайтамыз. Түркістан – тұтас, ортақ, жалпы бірегей шежірелі өлке екеніне ақын көзімізді толық жеткізгенін түсінеміз. Сөз соңында ақынға мынадай шынайы баға берілгенін айтқымыз келеді: «Мағжан – қазақ халқының ғана емес иісі түркі дүниесінің ұлы дауылпазы» [4.4]. Мағжан шығармашылығы қазіргі таңда миллиондаған ұрпақтардың тәуелсіз жүректерінде мәңгі жасай берері хақ.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. «Мектеп». А., 1969
2. Қазақ совет энциклопедиясы. І том, А., 1972
3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті А., «Мектеп» 1974
4. Асқаров Е.Батыр Баян. «Елорда» Астана. 1999
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.