.
.
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі Мырқы Исаевтың шығармашылық мұрасы
Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1209 | Размер: | Автор: ggggggggggggggggdfsfАлматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылы
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектеп КММ
Ғылыми жоба
Жоба тақырыбы: Мырқы Исаевтың шығармашылық мұрасы
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруты
Секция: әдебиет
Жас ізденуші: 10 "Ә"сынып оқушысы Мұратаева Әлия Қайратқызы
Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент
Қоңырбаева Сараш Сахиқызы. ҚМҚПУ
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Оңалбаева Ләззат Серікбайқызы
Райымбек ауылы. 2013-2014 оқу жылы
Жоспары:
Кіріспе.
Негізгі бөлім:
1. Мырқы Исаевтың өмірі.
2. Мырқы Исаев - журналист.
3.Мырқы Исаев - сатирик.
Қорытынды.
Кіріспе бөлімі
Өмір өте береді, өкіндіреді, әттең дегізеді.
Ал, Мәкеңдей жан елінің, әріптестерінің
жадында әділет үшін жанын салып,
"Ақ берен" атанған қалпында ұзақ уақыт сақтала береді.
Оған еліңе сіңірген еңбегің куә.
Рысты Бекбергенова
ардагер-журналист
"Жақсының жақсылығын айт, иманы тасысын",- дейді халық. Бұл жерде әңгіме СССР журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысында қырық жылға жуық баспасөзде жемісті еңбек еткен Сыр елінің біртуар азаматы, журналистика майталманы Мырқы Исаев туралы болып отыр.
Мырқы арыстандай айбатты, қайсар жүректі, қаламы үшкір, принципшіл, кемшілікке, әділетсіздікке жаны қас болатын, реті келген жерде кім болса да бет-жүзіне қарамай, өзінің пікірін бүкпесіз кесіп айтып салатын. Мінезсіз адам болмайды. Айтқанынан қайтпай қалатын кездері де бар. Бірақ ашуы тез қайтатын. Қазақ айтады: "Жақсы адамның ашуы- жібек орамал кепкенше",- деп, бұл кісі дәл сондай еді.
Мырқының тағы бір тамаша қасиеті- ол қанағатшылдық, дүние- байлыққа қызығушылықпен, пендешіліктен аулақ жүретін. Оны биікке шығарған, ел құрметіне бөленген осы қасиеттері.
Негізгі бөлім:
Мырқы Исаевтың өмірі
Мырқы Исаев 1926 жылы 5 мамырда Қармақшы ауданы, бұрынғы Ленин атындағы, қазіргі Тұрмағанбет ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған. 1981 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны 1983 жылы ойдағыдай бітіріп шыққан. 1954-1956 жылдары Жалағаш аудандық "Күрішшілер" газетінің редакторы, 1956-1966 жылдар аралығында облыстық "Ленин жолы" газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1966-1968 жылға дейін Жаңақорған ауданында "Коммунизм жолы" газетінің редакторы қызметінде болған. 1966-1988 жылдары облыстық "Ленин жолы" газетінің өндіріс, транспорт және құрылыс бөлімінің бастығы және республикалық "Ара" журналының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерінде болды. 1988 жылғы 5 мамырда Мырқы Исаев КСР О журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылдан дербес зейнеткерлікке шығып, 1992 жылдан бастап "Боздақтар" естелік кітабының бас редакторы болып қызмет атқарды.
Мырқы Исаев баспасөзде жарты ғасырға жуық жемісті жұмыс істеген. Уақытында көркем әдебиетке де қалам тартып, бірнеше кітаптарды оқырманға ұсынды. Оның біірі "Біт үзім нан", "Қарақұм", "Тың тағылымы" поэмалары баспасөзде жарияланып, оқырмандардың ықыласына ие болды. "Әбжылан құрсанған қылмыскер" атты деректі повесі кезінде Қазақ ССр Ішкі істер министрлігінің сыйлығына ие болды. "Иса Тоқтыбаев" атты деректі публистикалық, "Әз Тәукенің Тәкей батыры" тарихи- деркеті повестерінің , "Жүрек лүпілі" атты кітаптың авторы.
Мырқы Исаев 1998 жылы 31 мамырда дүгиеден озды.
Мырқы Исаев - журналист
Мен КазГУ-ді бітіріп «Ленин жолына» келгенімде тынымсыз және еңбекшіл, көңіл-күйін жанындағыларға тез білдіретін бір журналистке таң қалдым. Қазір кабинетінде отырған жан, енді сәл уақыттан кейін мотоциклмен кетіп бара жатады.
-Қайда бара жатыр?
-Ауданға немесе мекемеге кетіпті,- дейді және жұмысын тез бітіріп, лезде келіп қалады.
-Бұл кім? Бұл өзіммен көп жыл қызметтес болған Мырқы Исаев еді, біз Мәке дейтінбіз. Өзі тым еңбекшіл, өз мамандығын шексіз сүйетін,күнделікті тіршіліктегі кемшілікте жаны қалмайтын еді. Және сол материалды қай жылы, қайда, кімнен, қайдан алғаны қойын дәптерінде жазулы тұратын. Сол өзі жазып, жариялаған мақаланы қиып алып, сақтап қоятын. Мұны айтып отырғаным Мәкеңнің ұқыптылығын, журналистке тән қажеттілікті еске алып отырмын. («Ақберен журналист». Рысты Бекбергенова, ардагер-журналист. «Сыр бойы» газеті, N92, 2006жыл, 4 мамыр)
Алғашқы журналистік қызметін Жалағаш аудандық «Күрішшілер» газетінен бастаған Мырқы Исаевтың әріптесі Рысты Бекбергенова өз әріптесі жайлы осылай ой толғаған. Шынымен де сөзге де, іске де жүйрік журналистің сол кездегі жазған мақалалары соның дәлелі болса керек. Бұрынғы «Ленин жолы» газетіне көз жүгірткенімізде Мырқының әр түрлі тақырыптағы мақалалары газеттің әр номерінде алдымыздан жарқ етіп шыға берді. «Алғашқы адым» мақаласында Жалағаш ауданы Молотов колхозның председателі Мерәлі Шаменовтың егін және мал шаруашылықтарының өнімділігін арттыру жөніндегі қадамы туралы. (1956 жыл, 27 апрель, «Ленин жолы», N83 )
«Семья мүшелері түгелдей мал шаруашылығында» мақаласында Жалағаш ауданы, Жамбыл атындағы колхоздың Сәркеев жолдас басқаратын сүт фермасында коммунист Жұбанов Мәліктің семьясының мал шаруашылығымен айналысуы, 100 аналықтан 99 бұзаудан алып, төлді аман сақтауға уәде беріп, аянбай еңбек етеді. («Ленин жолы», N104. 27. 04. 1956 )
«Өрлеу үстінде» мақаласында Жаңақорған ауданы, «Комсомольская звезда» колхозының атақты сауыншысы Цай Ольга өз қарамағындағы 12 сауынның әрқайсысынан 2291 килограмм сүт алып, алдындағы төлдерді шығын қылмай, күйлі өсірді, озат сауыншыларды социалистік жарысқа шақырды, өзінің міндеттемесін абыроймен орындап еңбек жолында қызу еңбек етуі туралы айтылады. («Ленин жолы», N2, 1957 жыл)
«Игі істер" мақаласы Жаңақорған ауданы, Тақыркөл участогіндегі құрылыс жұмысының игі істері. («Ленин жолы»,N4, 1957 жыл. 20. 01)
«Сүйген мамандығын игеру үшін» мақаласы Шиелі ауданы, Бәйгеқұм МТС –де комбайн агрегатының учещигі Досанова Балғынның комбайнер болуы үшін МТС жанынан ашылатын комбайнерлер курсына түсіп оқуға әзірленуі жайлы айтылса, («Ленин жолы» N30. 1957. 12.02) «Бағалы құрылыс материалдарын дайындаушылар» мақаласында Шиелі қамыс заводының коллективі құрылыс үшін бағалы материал-қамыс дайындау жөнінде облысымыз бойынша алдыңғы қатарға шығуы туралы айтылады. («Ленин жолы», N39. 1957. 24. 02.)
«Ажалдан арашалаушы» мақаласында жас хирург Кәрімбаев Исмаил аудан орталығындағы ауруханада хирург болып жұмыс істейді. Науқасқа наркоз бермей, тиісті жеріне укол жіберу арқылы операция жасаудың пайдалылығы сол-адамның кейінгі уақытта бас ауруларға және ұзақ өмір сүруіне мүмкіншілік туғызатындығы туралы жазылған Мырқы Исаев ауыл, аудан, облыс бойынша ең өзекті мәселелерге қалам тартып, жүргізілген жұмыстардың алға басуына көп көмегін тигізді. Мысалға «Бес күн ішінде» (« Ленин жолы». N54. 1957.17. 03), «Сапалы аяқталды»(«Ленин жолы». N61. 1957. 27. 03, «Өнімнің өзіндік құны неге жоғары?» «»Ленин жолы».N65. 1957. 21. 05), «Тезисті оқып, талдауда», «Бір коммунистке партиялық жеті тапсырма жүктелген» («Ленин жолы».N68.1957. 6. 04), «Жүгері егуге жаппай кірісті» «Ленин жолы», N73. 1957. 10. 04), «Мен Ильичпен қалай кездестім?» (1917 жылдан КПСС мүшесі И.М.Варгон жолдаспен әңгіме) («Ленин жолы», N 79. 1957. 221. 04), «Егіс басталды» («Ленин жолы»,N82. 1957. 26. 04), «Шопандар семьясы» очеркі («Ленин жолы», N87. 1957. 04. 05).
М. Исаев әсіресе сын жанрында таппайтын мәліметтері жоқ, аса шапшаң, қаламы жүйрік, күй талғамайтын журналист. Кейбір материалдарды Мырқы түртпектеп жүріп редакцияның тапсырмасынсыз-ақ дайындай салатын және онысы әлдебір дөкейге тиіп кетіп мақаланың арты айқай-шуға ұласып барып, әрең басылады. Мырқының бір қызық қасиеті- мақала төңірегінде дау- шар неғұрлым ұлғая түсіп, маңайын кең шарпыған сайын от көрген шар болаттай шыңдалып жігерлене түседі. Мысалы: «Күрішшілер» мақаласында Ленин атындағы колхоз орталығын көркейтуге жете көңіл бөлінбеуі, радио торабы жөнді жұмыс істемей, клубтың жағдайы өз атына сай емес, колхоз орталығын көгалдандыру, көше тәртібі мен көрікті үйлер салу ісі өріс алмай отырғандығы сыналған. («Ленин жолы».N88. 1956. 05. 01) «Күн тәртібіндегі маңызды мәселе»,»Депутаттармен байланыс нашар», «Шиелі МТС-індегілер асығар емес», «Көктемгі егіске әзірлік өте нашар», «Жұмысы нашар үйірме», «Өнімнің өзіндік құны неге жоғары болды?", «Шиеліде газет витриналарына неге мән бермейді?», «Ерте егіс кезіндегі кемшіліктер қайталанбасын» тағы басқа сын мақалалары газет бетінде күнделікті жарияланып тұрды. М. Исаев 1968 жылдан бастап «Ленин жолы» газетінде жиырма жылдай бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Қаламы жүйрік, өткір ойлы журналист қоғамдағы кемшіліктермен ымырасыз күресе білді. Оның жоғарыдағы айтылған фельетон, сын мақалалары көпшіліктің көкейінде қалды.
Журналист - Мырқы Исаев
Мырқы Исаев - сатирик
Мырқы Исаев журналистиканың қиын да, әрі жауапты жұмысын мысал, өлең жазумен шебер ұштастыра білді. Сонау елуінші жылдары Алматыда өткен жас жазушылардың республикалық бірінші сьезіне қатысып, сонда өзінің тұңғыш өлеңдерінің бірі-«Домбыраны» нақышына келтіріп оқып берді. Сол өлең орыс тіліне аударылып, сьезге қатысушылардың туындыларынан құралған «Голос молодых» деп аталатын жинаққа енгізілді.
Одақтың сол сатира секциясында белгілі ақын Әбділдә Тәжібаевтың аузынан «Мысалшы Мырқы» деген атақ алған. Мырқы Исаев өлең мен мысалды өндіре жазған. Олардың көбісі аудандық, облыстық және республикалық газеттер мен журналдарда жарық көрді. Әсіресе, «Ара» журналы мен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде «Мысал жолдары» деген рубрикамен бірнеше рет топтама мысалдары жарияланып, Мырқының мысалға деген бейімінің молдығы айқын аңғарылды.
«Құбылмалы қобыз», «Жалғыз аяқты жол», «Қақпанға түскен маймыл» деген мысалдары негізінен адамгершілік тақырыбына арналған ғибраты мол мысалдар қатарына жатады. Мәселен, «Құбылмалы қобыз» деген мысалын алайық. Қойдың қолында болған сәттерде қобыздың үні әсерлі, майда, жұртқа жағымды еді. Кейін ол есектің қолына ауысты да, енді оның үні күрт өзгеріп, алажабырлы, айқайлы, аспаннан түскендей есек болып шыға келді.
Қарға ұстаса қарға болып қарқылдады,
Үйрек ұстаса үйрек болып барқылдады.
Төбет келсе төбет болып арсылдады.
Шошқа ұстаса шошқа болып қорсылдады.
Қобыздың үні енді өзгерді,
Мұнан былай қырық құбылды,
Өзгергенде де ол шын өзгерді,- деп әркімнің шылауына оралып, қосын жегіп, жандайшаптыққа салынып жүргендерді автор осылайша қатты сынап мінеген. Өмірімізде мұндай жағдайлар аз ба? Құбылмалы қобызға ұқсағандар мұнан өзінше тағылым алғаны абзал. Адам бір сөзділікпен, принципшілдікпен құнды.
Мырқы Исаев әлеуметтік тақырыпқа арналған мысалдар да жазды. Бұл ретте оның «Бөрінің айласы» атты поэма-мысалын ерекше арап өтуге болады. Барыс атты айбарлы қолдаушысынан демеу алған бөрі кенет пенсияға шығып соның орнына бастық болып қонжия кетеді де, тоғайда білгенін істейді, өзге аңдарды қан қақсатады. Басына қысылшаң шақтар туғанда Бөрі әлгі қолдаушысының желеп-жебеуімен бәле-шәлегі келер шақта Бөрі әлгі қолдаушысының ақылымен дереу орнынан босайды да, Түлкіге бас уәзір болып сайлана кетеді. Сөйтіп аңдар комиссиясының тірлігі де айдалада қалады. Өмірімізде Бөріге ұқсаған қорқаулар, ұр да жықтар мен әпербақандар да аз емес. Ондайларды белгілі бір қолдаушыларының желеп- жебеуімен бір жерді бүлдірсе екінші жерге сырғып масайрап жүр. Бұл поэма-мысал сондайларды аяусыз әшкерелеген.
Мырқы адамгершілік тақырыбына арналған топтама өлеңдер де жазған. «Мансаптың құлы» деп аталатын шағын өлеңін алып қарайық. Ақын онда:
Бір күн қарны тойғанда,
Толыстым деп ешірер.
Бір ауыз мақтау алғанда
Жетістім деп ешірер.
Бір күні әкім борлғанда
Жер дүниені көшірер,
Аузына тәтті салғанда
Қас жауын да кешірер, - деп биік мансапқа куә болғандардың бет пердесін ашып салады. Келесі бір өлеңінде :
Есіріп «барлығын да білем» десең,
Біліміңнің аздығы тар ұядай.
Талпынып : "Барлында білем " десең,
Біліміңнің молдығы дариядай, - деп өз замандастарын көп білуге, алға талпынуға шақырады. Қиялды көкке өрлетуші, жемісті еңбек етпеуші, ұрпағына бір белгі орнатпаушы адамды ақын тоғышарға санайды.
Мырқының көптеген мысалдары не өлеңдеріндегі оқушыларды осылайша ерлікке, батылдыққа баулып, болашаққа арнап белгілі бір мұра қалдыруға , өзгелерді құрметтеуге баулу басымырақ аңғарылады.
Мырқы Исаев сол жазғыштығының үстіне аса сенгіш, бала көңілді адам. Тумасында тектілік көзге ұратын сұңғыла мінезді , парасат білімінің қолына анау- мынау су құя алмайтын. Қомшабай Сүйінішев (сол кездегі "Ленин жолы" газетінің мәдениет бөлімінде қызмет істеген) Мырқы Исаевты "нағашым"- деп қатты ойнайды екен.
Мырқы Исаев зейнеткерлікке шыққанына біраз уақыт болып қалса да, "Ленин жолы" газетінен "еншісін" алмаған адамдай екі күннің бірінде редакцияда болып тұрады. Бұл адамның бойына сіңген қасиеті- "келместің ауылына" кете-кеткенше қаламы қолынан түскен жоқ. Өзі қандай жылдам болса, жазуы да "ұшпа мінезді" шалт келетін, әсіресе сынап-мінеп жазудың талай айтулы қансорпа ортасынан көрінеді.
Зейнетткерлікке шыққаннан кейін "Боздақтар" атымен жариялана бастаған кітаптарды шығарумен айналысқан. "Зерде" редакциясының бас редакторлығын атқарды. Алғашқы томдықтарды шығаруға айтулы еңбек сіңірді, жасы жетпіске келсе де жігіттіктің жұмысын атқарып жүрді.
Мырқы Исаевтың көп жылдар бойы еңбек еткен "Сыр бойы" газеті редакциясы
Қорытынды
"Сонымен журналист Мырқы Исаевтың басшылығымен "Боздақтар" естелік кітабының бірінші томын Жеңістің елу жылдығына шығарып үлгердік. Бұл томға Сырдария, Тереңөзек аудандарының боздақтары енді. Көкірегі даңғыл, жаратылысы мығым, көргені көп Мәкеңнен жақсы сөз қалды.
Шынында да Мәкең халықтың құрметіне, алғысына бөленді. Кітаптың алғашқы шыққан кезінде бұрын әкелері, туыстары хабарсыз кетті деп жүрген бірнеше азаматтар кітаптан әке, ағаларының өлген күнін, жерлеген жерін білгенде көздеріне жас алды. Бұлардың көбісі бауырларының қаза тапқан жеріне барып, құран бағыштап, туған жерінің топырағын салып қайтқанда да, келген соң ас берді. Кейде Мәкең "Мен қырық жылдай жұмыс істегенімде мұндай құрмет пен абыройға ие болғаным жоқ еді, бұл кітап маған абырой әперді дейтін",- деп жазады дербес зейнеткер Хамит Ембергенов "Менің Мырқым- сенің қырқың" атты мақаласында. ("Сыр бойы" газеті. N213. 2008. 15 қазан)
Мырқы Исаев "Боздақтар" кітабының төрт томының жарыққа шығуына , бірнеше томдық қолжазбаның әзірленуіне өмірінің соңғы күніне дейін барлық уақытын сарп етті. Білікті журналистің артында қалған ұрпақтары: Исаева Бибіажар, Исаев Серік, Исаев Мейрамбек, Исаева Гүлжамал, Исаева Нұржамал, Исаев Сәрсенбек, Исаев Кеңесбек, Исаев Қаныбек,Исаева Ғайнижамал, Исаев Жәнібек.
Елі үшін, осы өңірдің келбеттенуі үшін ұзақ жыл тер төккен Мырқы Исаевтың шығармашылық мұрасын қорытындылай келе мынадай ұсыныс білдіремін.
1.Мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиеті оқулығына Мырқы Исаевтың шығармалары енгізілсе,
2.Мырқы Исаевтың шығармалары ,газет бетіндегі мақалалары жинақталып, жеке кітап болып басылып шықса.
3. Туған жері Тұрмағанбет ауылының бір көшесіне Мырқы Исаевтың есім берілсе.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. "Ленин жолы" газеті 1956 жыл.
2. "Ленин жолы" газеті 1957 жыл.
3. "Ленин жолы" газеті 1958 жыл, 1961 жыл.
4. "Сыр бойы" газеті 1982 жыл, 2006 жыл №92.
5. "Сыр бойы" газеті 2008 жыл №213.
6. "Жүрек лүпілі" Мырқы Иса Дәумет немересі
Алматы.1999 жыл.
7. "Иса Тоқтыбаев" М.Исаев Алматы. "Қазақстан" баспасы 1991 жыл.
8. "Боздақтар" кітабы.
Байланыс нөмірі: Оңалбаева Ләззат Серікбайқызы, 87752684687, 87714089356, 87277135083
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.