.
.
Тақырыбы: «Нұр жауған – Ұлыстың Ұлы күні» «Нұр жауған – Ұлыстың Ұлы күні»
Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1412 | Размер: | Автор: ПубликаторМақсаты:
1. Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған салт- дәстүрін, наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, әрі дамыту және көркейту.
2. Оқушылардың ойлауын дамыта отыра, ой қиялын, өрісін, іздену негіздерін дамыту.
3. Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге, сақтауға тәрбиелеу.
Көрнекілік: Нақыл сөздер жазылған плакат, слайдтар, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, шарлар, үнтаспа.
Барысы:
1. Таныстыру
2. Үй тапсырмасы (көрініс, салт – дәстүр)
3. Мақал-мәтел жарысы
4. Ұлттық ойындар
5. Сұрақ-жауап
6. Ата-салтың – қазынам
7. Қорытынды
Ұйымдастыру:
1-жүргізуші: ұл
– Армысыздар, құрметті ата-аналар мен ұстаздар және оқушылар! Біз сіздермен тағы да қауышқанымызға қуаныштымыз. Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі біздің сыныпта жыл басы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған «Нұр жауған – Ұлыстың Ұлы күні» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
2-жүргізуші: қыз
- Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып, мерекелік тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
1-жүргізуші: ұл
Шапағатын аямай бұл жақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
О, ағайын, келіңдер!
Бүгін бізде –
Наурыз көже, құрт-қатық, бұршақ қосқан.
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық!
2-жүргізуші: қыз
Ұлы күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өсірген.
Наурыз той құтты болсын!
Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. 22-ші наурыз, дәл осы күні күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – Жаңа жыл Наурыз мерекесі.
Наурыз мейрамы - өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке. Ол парсы халқының «Наурыз» жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қауым біршама деректер жинаған. Күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні» - деп атайды екен.
1-жүргізуші: ұл
Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,
Аямай өнерпаздар ән мен жырын.
Тойлайық халық тойын Наурызымның,
Шуағын жерге төккен бақыт күнін. – дей келе, тойымызға өз өнерімен, ән-жырымен шашу шаша келген екі топтың өнерлерін тамашалайық.
2-жүргізуші: қыз
Ал енді екі топ өздерін таныстыра өтсе екен
1 – топ._________________
Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге
Ел дәстүрін сыйлаймыз!
2 – топ._________________
Ниеттеріңіз ақ болсын,
Наурыздың ақшақарындай.
Бастарыңа бақ қонсын ―
Шаштарыңның санындай.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
1-жүргізуші: ұл
Күреп алтын күрекпен,
Қарды еріткен Наурыз!
Жатыр көктем түлетіп,
Бүрлеп бақша – бауымыз.
Ұлы күні ұлыстың
Күн мен түнді теңеген.
Тәтті дәмін ырыстың
Таттық Наурыз көжеден.
2-жүргізуші: қыз
Наурыз көже – наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік дәм. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен жасап оған, қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мереке құттықтауымен келгендерге ықыласпен ұсынады. Ол адамдарды татулыққа, ұйымшылдыққа, бірлікке шақырады.
1-жүргізуші: ұл
Жүріңдер наурыз тойда басып аяқ.
Қалыс адам болмасын некен-саяқ,
Ән шырқап, би билейік қауым болып,
Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп –
Ендеше, сахнаға тойға шашу ретінде әр топ өз өнерін көрсетсін.
1-топ: ән
2-топ: би
1-жүргізуші: ұл
Наурыз күні қазаның ортаймасын
Қалың қауым шаттанып той тойласын
2-жүргізуші: қыз
«Салт- дәстүрді сыйлаймыз,
Ұятқа біз қалмаймыз» - деген ұранмен келесі сайысымызға кезек берейік. Бұл сайысымыз үй тапсырмасы ретінде салт – дәстүрлерге байланысты көрініс берілген. Ендеше, сол көріністі тамашалаңыздар.
1-топ: тұсаукесер
Тұсау кесер дәстүрі мағыналы,
Атам қазақ салтының ағын әні.
Бата беріп сәбиге аталары,
Болашаққа тілекпен апарады.
Аяғына жіп байлап одан кейін,
Тұсау кесер ауылдың апалары.
Жіппен кесу мәнісін жаттап алғын,
Дұрыс болар есіңде сақтағаның.
Ақ әжелер айтады жас балаға,
Ала жібін ешкімнің аттамағын.
2-топ: бесікке салу
Таусылмайды салтымның асқар әні,
Соның бірі бесіктен басталады.
Әшекейлеп жан жағын үкілеумен,
Бесігіне салады жас баланы.
Бесіктің де ерекше танымы бар,
Күлкісіндей сәбидің таң үні бар.
Пышақпенен нан қойған бас жағына,
Шошымасын дегендей нанымы бар.
Салтымыздың бұл түрі жаңғырып кең,
Сәбилерсіз жалғанда тақ күліппе ең.
Тәрбие басы – тал бесік, - деген бар ғой,
Ұрпақтары жалғассын мәңгілікке!
2-жүргізуші: қыз
Енді, келесі ойынымыз мақал -мәтел жарысы.
1. Жаздың бір күні
Қыстың мың күні
2. Шағала келмей жаз болмас
Шаңқаң болмай боз болмас.
3. Жер құтты болса
Мал сүтті болады
4. Жері байдың
Елі бай
5. Арпа бидай ас екен
Алтын күміс тас екен
6. Көктем көктен
Нұрын төккен
7. Ел ұлсыз болмас
Жер гүлсіз болмас
8. Егінші жерін мақтайды
Балықшы көлін мақтайды
9. Әке - асқар тау
Ана - етегіндегі бұлақ
Бала - жағасындағы құрақ
10. Жақсы адам ел ырысы
Жақсы жер жанның тынысы
1-жүргізуші: ұл
Кел, балалар, балалар,
Енді маған қараңдар!
Наурызды тойлайық,
Қызық ойын ойнайық.
1) «Арқан тартысу»
2) «Білектесу»
Қарама – қарсы отырған екі ұл бала оң қолдарынының шынтағын столға тіреп қояды да, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол жақтағы қолдарын әркім өзінің оң жақ қолтығына тығып алады. Білегі жығылған палуан жеңіледі.
2-жүргізуші: қыз
Салтын сүйген,
Халқын сүйген, – демекші, сұрақ-жауап салт-дәстүрге байланысты
1-жүргізуші: ұл
Ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын белгілер халқымызда көп-ақ. Киіз үй, домбыра, той-думан, ойын, тіпті адамгершілік қасиеттері де.
2- жүргізуші: қыз
Ал, осы аталғандардың түрлері мен құрамдарын бәріміз жақсы білетінімізге кім кепіл. Ендеше, қазіргі ойналатын ойынның шарты – қоржыннан асық алып реттік сан арқылы сұрақтарға жауап бересіздер.
1. Бесік жабдықтарын ата? (Бесік көрпе, жөргек, қолбау, құс жастық, құс төсек, тізе бау, тізе жастықша, түбек, шүмек)
2. Домбыраның құрылысын ата? (Бас, мойын, шанақ, шек)
3. Қазақ халқының дәстүр-салт, той-томалақтарын атап шық. (Бесікке салу, қырқынан шығару, түсау кесер, сүндетке отырғызу, бет ашар, көкпар, тойбастар)
4. Бес асыл мен бас дұшпанды ата? (Бес асыл: еңбек, терең ой, қанағат ету, рақым жасау. Бес дұшпан: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
5. Ұлттық ойындардың түрлерін атап шық. (Ақ сүйек, асау үйрету, арқан тарту, тымпи, сақина салу, асық ойнау, тоғыз құмалақ)
6. Наурыз көженің құрамы. (Бидай, су, тұз, ет, құрт, сүт)
7. Киіз үйдің құрлысы. (Шаңырақ, кереге, уық, түндік)
8. Жеті ата дегеніміз қандай ұғым? Атауларын ата. (Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене)
9. Жеті қазына. (ат, ит, бүркіт, ер, мылтық,
10. Төрт түлік малды ата. (Түйе, жылқы, сиыр, қой)
1-жүргізуші: ұл
Қазақтың түрлі – түрлі дәстүрі бар,
Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.
Жауаптарын таба ма екен, ата – аналар,
Сол себептен қоятын сұрақтар бар.
1. Ертеде жеті жігіт жеті шырақ жағып, ауылды аралайды екен. Неліктен? (Жауабы: Жаманшылық ескі жылмен кетсін деген ниетпен жеті шырақ жағып ауылды аралаған.)
2. Наурыз күні дастархан үстінде қандай тағамдар болуы керек? (Жауабы: Наурыз көже, бауырсақ, жеті нан, қазы-қарта т.б.)
3. Наурыз тілек деген не? (Жауабы: Наурыз тілек – достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі. Әр тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған. Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс-туғандары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады)
4. Қыдыр ата қай күні адамдар арасына келетін болған? (Жауабы: 21 наурыз)
5. Наурыз бата дегеніміз не? (Жауабы: Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге осы күнге арнап, «наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға т.б. өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді)
1- жүргізуші: ұл
Сәулесіндей көрінген таңғы үміттің,
Басын қостың салт – дәстүр сан ғұрыптың.
Жаса!
Наурыз!
Жарқыра!
Көкте күндей!
Мерекесі достықтың, мәңгіліктің – дей отырып, біз бүгін ашық тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.
2- жүргізуші: қыз
Мереке соңында Наурыз көжеден дәм татып, Қыдыр бабадан наурыз бата тілейік.
Қыдыр баба:
Елдеріңнің іргесі берік болсын,
Жасқа құрмет, кәріге күтім болсын.
Сөздерің серттей берік болсын,
Ісің ілгері, ақылың серік болсын.
Еккендерің өмірлі болсын,
Өмірлерің көңілді болсын.
Төрт түлік төлді болсын,
Баққандарың шелді болсын.
Ақ көп болсын,
Қайғы жоқ болсын.
Пейілдерің кең болын,
Сапарларың оң болсын.
Мына ұлыстың ұлы күні,
Әрбір отбасына бақыт әкелсін.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Әумин!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.