Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Нан –Отан байлығы -

Нан –Отан байлығы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2223 | Размер: | Автор: ggggggggggggggggdfsf
. Нан –Отан байлығы.
Сабақтың мақсаты: Нанды қадірлеуге үйрету, нанның дастарханға қалай келетіндігін айтып, оған көптеген адамдар еңбек ететіндігін түсіндіру. Еңбек адамдарын сыйлай білуге, әр адам нанды үнемдей білуге тәрбиелеу. Оқушыларды ізденімпаздыққа , шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу.
Сабақтың көрнекілігі: слайдтар, видеопректор, мақал-мәтелдер.
Нақыл сөздер: «Нан-береке бастауы», «Нан-күш-қуат көзі», «Ас-атасы -нан», «Нан-дастарханға сән!»
Сабақтың барысы:
Мұғалім:Нан қасиетті. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиеттілігінің өзі осыдан-ақ көрінеді. «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы – сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Тіпті адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады екен, бірақ нанның өзін ешқашан баспаған. Бір таңданарлығы, жер бетінде басқа дақылдардың, жемістердің барлығының жабайы түрі бар. Айталық, алманың, жуаның, сұлының дегендей, барлығының жабайы түрі табиғатта кездеседі, бірақ бидайдың жабайы түрі жоқ. Үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады. Адамдардың арасындағы ынтымақ бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығая түседі, яғни өзі нан ауыз тиген үйіне қазақ жамандық тілемеген. Нанын берген адамға жамандық ойламаған. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан келіп шыққан. Енді нан түралы балалар біз мағлұмат білдік енді сабағымызды бастайық.
1-жүргізуші: Назерке:Нан-үш-ақ әріптен тұратын сөз, адам баласы үшін ең қадірлі де, қасиетті ұғым, онда «Нан-өмірдің өзегі»деп аталатын үлкен мағына жатыр.
2-жүргізуші: Бақдаулет: Халық нанды қадірлеп оған даналық сөздерін арнап, кейінгі ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған.
3-жүргізуші:САфия: Нан- дастархан құты. Нан-тоқтық, нан- байлық.
4-жүргізуші: Жанасыл: Дастархан басында әрбір түйір нан қаншама адамның ерен еңбегі, маңдай тері, аялы алақаны арқылы ғана алдымызға келетінін еш уақытта ұмытпауымыз керек.
1-жүргізуші:Назерке: Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға болмайды.Жерде жатқан нан болса, алып адам баспайтын жерге қою керек.
4-жүргізуші: Жанасыл: Бидай- астық тұқымдас дақыл. Дақылдарға тағы нелер жатқызуға болады? (Сұлы, арпа ,күріш тары)
3-жүргізуші: Сафия: Ендігі кезекті сол дақылдарға берейік. Бидай, сұлы , арпа, күріш, тары тақпақтарын айтады.
2-ші жүргізуші: Көрініс: «Бидай мен қаңбақ».
3-ші жүргізуші: Баллардың бал тіліне кезек берейік.
1. Оқушы: Гүлсім
Ақиқатты ежелден ұғып анық,
Парасаттың шыңына шығып алып.
Ізгілік пен әдептің биіктігін,
Тек нанменен өлшейді ұлы халық.

2. Оқушы:Бақдаулет
Дастархан басынан,
Үзілмес асыл дәм.
Ақ тоқаш, ақ қалам,
Адамның асы –нан
3. Оқушы:Жанасыл
Ей, балалар, балалар,
Болмаңдар , сірә нанға тар.
Өмірдің алтын арқауы,
Бар қасиет нанда бар.

4. Оқушы:Ақниет
Ақ күлшеге қол созады балбөбек,
Алтынан да, гауһардан да ол бөлек.
Ақ аспандай дастарханды ашады,
Күн сияқты қып-қызыл нан дөңгелек.

5. Оқушы:Аруай
Ас біткеннің анасы –нан
Нан көрінер әр астың арасынан.
Қиқымын түсірмей қорға оны,
Артық көріп көзіңнің қарасынан.

6. Оқушы:Самат
Ақ күлше- дастарханның құндылығы,
Көңілдің кең даулетке күштілігі.
Мақтаныш нан көбейді, ән көбейді.
Нан деген мемлекеттің мықтылығы.

7. Оқушы:Қайсар
Нан ардақты асыл тас,
Аттамас оны кәрі жас.
Ақ дастархан үстінде,
Қол жумай оны ұстамас.

8. ОқушыНұрсұлу
Нандай жоқ қой асыл дәм,
Жеп үйренгем жасымнан.
Дастарханнан нан кетсе,
Береке кетер асыңнан.

9. Оқушы:Нұрислам
Нан болмаса бағыңның кетері бар,
Нанмен ғана өмірдің өтері бар.
Жолда жатса егерде бір үзім нан,
Арланбай-ақ сен оны көтеріп ал.

10. Оқушы:Марлен
Ұқ мұны сен, бөбек,
Нан деген дәм бөлек.
Жерге оның түйірін,
Түсірмей жеу керек.

11. Оқушы:Айдана
Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан- өмірдің ана сүті, арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар.

12. Оқушы:Ақерке
Елді ырысқа бөлеген,
Ән- өмірін, ән-өлең
Ер жеткен соң жыр етіп,
Егін салып , дән егем.

13. Оқушы:Назерке
Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.

14. Оқушы Нұрасыл
Нанға үлкен жүрекпен қараңдар,
Нанды өмір деп санаңдар.
Нан болмаса
Қызығын бақыттың
Құр әуре, далбаса.

4-жүргізуші: Көрініс: «Нан қайдан шығады?»
1-жүргізуші: -Балалар нан туралы мақал-мәтел айтайықшы.

Мақал-мәтелдер айтады.
1. Нан- береке бастауы
2. Нан көп болса, қарның тоқ болар.
3. Нан-күш-қуат көзі.
4. Нан- адам баласының басты байлығы.
5. Ас- атасы нан.
6. Еңбектің наны тәтті. Жалқаудың жаны тәтті.
7. Нан- қасиет, Нан- береке, Нан –мереке.
8. Еңбек етсең ерінбей. Тояды қарның тіленбей.
9. Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің.

10. Жоқты бар десең – құт болар,
Барды жоқ десең – жұт болар.

11. Сыйлап берсе суын іш.
12. Тату үйдің тамағы тәтті.
13. Ас тұрған жерде ауру тұрмайды.
14. Жарлының бір тойғаны шала байығаны.
15. Сыйласқанның суын іш.
16. Жейтін ауызды жемес ауыз байлайды.
17. Аштың ақылы астан әрі аспайды.
18. Шай ішіп үйренген, қымыз деп қыстамайды.
19. Тоқ адамды ұйқы басады,
Аш адамнан ұйқы қашады.

20. Дастарханда наны жоқтың,
Тамағының сәні жоқ.
21. Қарны ашқан қазанға қарар.
Ішіп тоймаған, жалап тоймайды.
22. Асы жоқ алтын аяқтың,
23. Дастарханда наны жоқтың, тамағының сәні жоқ.

1-жүргізуші: Көрініс: Бауырсақ ертегісі
1-жүргізуші: Балалар нан туралы тиым сөздер білемізбе?

Тыйым сөздер:

Нанды аяқ астына тастама.
Сүтті төкпе, баспа.
«Жерде жатқан нанды еңкейіп ал.
Тамақ ішкен кезде сөйлеме.
Тамақты төкпей- шашпай іш
Дәнді шашпа, нанды баспа.

- Олай болса, балалар ас жүрген жерде бата беріледі.
Бата:Әли
Амандық берсін басыңа,
Қыдар келсін қасыңа.
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қолыңа. Әумин!
Қорытынды:
Мұғалім:1.Дүниеде байлықтың түрі көп. Солардың ішіндегі ең негізгісі–осы нан байлығы. (Ғабиден Мұстафин)

2. “Егер менен әлемдегі ең асыл не?”дей қалса, бөгелместен “Нан” деп жауап берер едім. Себебі, нан әлемнің жарығы күннен нұр алады, адамға күннің нұрын құяды.Оның өмірін күндей жарқыратады. (Ыбырай Жақаев)
Балалар, нан оңайлықпен дастарханға келмейді. Қазір бүкіл жұмыс техниканың күшімен атқарылады. Нанның әр түйірінде сол адамның ыстық алақанының табы бар. Сондықтан да нанды ысырап етпей, қадірін біліңдер. Нанның обалы болады.
Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар! –дей келе бүгінгі «Нан – Отан байлығы» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.