Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Ұстаздарға мың алғыс! -

Ұстаздарға мың алғыс!

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2019 | Размер: | Автор: гость
. Ұстаздар күніне арналған "Ұстаздарға мың алғыс!" атты
мерекелік сазды бағдарламасы
1-жүргізуші: Қойманова Қазына 2-жүргізуші: Елеуғали Шынар

/"Ұстазым" әні хормен орындалу барысында барлық ұстаздар залға кіріп, ортадағы орындықтарға жайғасады. Экраннан мұғалімдердің сабақ барысындағы фотоларынан жасақталған слайд көрсетіледі./
1-жүргізуші: Қайырлы күн қадірменді қонақтар!
2-жүргізуші: Армысыздар қымбатты да аяулы ұстаздар!
1-жүргізуші: Кәсіби мерекелеріңізге орай ұйымдастырылып отырған "Ұстаздарға мың алғыс!" атты мерекелік сазды бағдарламамызға
1,2-жүргізушілер /бірге/: Қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Бүгінгі бағдарламаның жүргізушілері - біз, ұстаздарды ұлықтай білетін
2-жүргізуші: Қойманова Қазына және
1-жүргізуші: Елеуғали Шынар.
1-жүргізуші: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.

2-жүргізуші: Жақсы жандар жанымызда әрқашан
Ұлағатты сөзін биік ұстаған.
Ардақты ұстаз асыл анаң секілді
Тәрбиелейді балапандай жасыңнан.

1-жүргізуші: Ұстаз бенен Ана мейірі пара-пар,
Тұла бойға қуат болып таралар
Жүз жасаңыз бұл өмірде шуақ боп,
Айналайын білім берер ұстаздар.

2-жүргізуші: Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу, әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.

1-жүргізуші: Қымбатты да аяулы ұстаздар! Бүгінгі ақ тілектер,
2-жүргізуші: әсем әндер,
1-жүргізуші: мың бұралған билер
2-жүргізуші: сондай-ақ барлық қошеметтер
1-жүргізуші: тек Сіздерге арналады.
1,2-жүргізушілер /бірге/: Мерекелеріңіз құтты болсын!
1-жүргізуші: Бүгінгі мерекеміздің алғашқы құттықтау сөзі мектеп директоры Даурбаев Келдімұрат Түгелбайұлына беріледі.
/Құттықтау лебізі және ардагер ұстаздарды марапаттауы/

1-жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім-
Төгілген арай, шуағым.
Арманым қонса, қолыма,
Арқаңыз сіздің деп ұғамын.

2-жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім-
Сарқылса мәңгі бұлағым.
Шәкірттер бүгін сахнада
Арнайды сізге бұл әнін.
1-жүргізуші: 3-сынып оқушысы Қаржаубаева Гүлназдың орындауындағы "Мектебім" әні сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!
/Сазды сәлем/
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
2-жүргізуші: Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –

деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін.
1-жүргізуші: Ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесіне үңіле білетін ұстаздарымыздың еңбегі өте зор. Ал, ұстаздардың ұстазы атанып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздарымыздың еңбегі екі есе. Солай емес пе, Шынар?
2-жүргізуші: Әрине, сөзіңе толық келісемін. Ендеше, ортаға бүгінгі мерекеміздің арнайы қонақтары болып отырған ардагер ұстаздарымызды неге шақырмасқа?
1-жүргізуші: Ендеше, мерекелік құттықтау сөз кезегі аяулы ардагер ұстаздарымыз Төлесбаева Айханым апайға, Бисенова Света апайға және Досқалиева Зияш апайға беріледі.
/Ардагер ұстаздардың лебізі./
1-жүргізуші: Асыға сәлем жолдап жүректен біз
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз.
Тәтті әуенмен қосылған әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.

2-жүргізуші: Қырмызы гүлдей құлпырар,
Үкілі кәмшат кигесін.
Балғын биші қыздарың
Мың бұралып билесін.
/Қазақ биі орындалады./
----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
1-жүргізуші: «Ұстаз» - ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан зор.
2-жүргізуші: Ұстаз - шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау - адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің жүрегі соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен.
1-жүргізуші: Дәл осындай асыл қасиеттерді әлі де еңбек майданында талмай еңбек етіп отырған ардагер ұстаздарымыздың бойынан байқауға әбден болады.
2-жүргізуші: Оларды атап айтатын болсақ: Отаралиева Гүлсім апай, Даурбаева Аймекен апай, Бекжанов Темірхан ағай, Алиева Ғалия апай, Азанова Саламат апай, Аллабердов Ануар ағай.
1-жүргізуші: Ия, әлі де ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар бұл ұстаздарымыз да жоғары құрметке ие.
1-жүргізуші: Тұла бойың тұнған сабыр, кешірім,
Айқара аштың бізге білім есігін.
Өр тұлғаңды балап шыңға, Ұстазым,
Мен өзіңе тәнті болсам, несі мін?!

2-жүргізуші: Бала елдің болашағы болғанда,
Зор пайдасын тигізетін қоғамға.
Мамандығы - кәсіптердің абзалы,
Адамдығы қымбат бізге одан да.

1-жүргізуші: Ортаға мерекелік құттықтау лебіздерімен ардагер-ұстаздарымызды шақырамыз.
/Мерекелік лебіз/
----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Қарлығаш: Өз еліміздің дамыған 50 елдің құрамына енуі үшін үш тілді білудің маңызы зор екендігін білеміз. Ендеше, сіздер осы үш тілдің бірі - ағылшын тілін қаншалықты білетіндіктеріңізді анықтау үшін мынадай ойын тапсырма бергіміз келіп отыр. Бұл тапсырмамыз - "Бір ғана жауап " деп аталады.
/Мұғалімдер экранға қарап отырады, экраннан қазақша сөз көрсетілген бойда үш жауаптың дұрысына сәйкес санды көрсетеді./
1-жүргізуші: Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!
2-жүргізуші: Ортаға 5-ә сынып оқушылары Қойшиев Нұрақыл мен Шаншар Диасты шақырамыз. "Ұстаздарға арнау".
Нұрақыл: Ең аяулы есім ғой "Ұстаз" деген,
Бар тіршілік бақытты ұстазбенен.
Ұстазды жеткізгенше мұратына,
Білім іздеп лапылдап жана берем.
Диас: Кем көрмеймін Сізді асыл анамнан,
Сізге ұқсап қудық біз де сан арман.
Сіздей адам дүниеде көп болсын,
Балалардың бақыты үшін жаралған.
Нұрақыл: Нұрын төккен көк аспан күмбезінен,
Күлімдеуің ұқсайды күн көзіне.
Қолда болса ұстаздарға сыйлар ем,
Бар байлығын әлемнің бір өзіне.
Диас: Оқуда алға ұмтылып, шегінбей мен,
Сен ұялдың кір болса менің жейдем.
Жақсылыққа бастайтын күлімсіреп,
Көз алдымда элі тұр сенің бейнең.
Нұрақыл: Ұстаздың оттай ыстық алақаны,
Болған соң ойлайтыны - бала қамы.
Баладан ұстазыма мың сан алғыс,
Өйткені ол ұстазымның ақ арманы.
Диас: Ұстаз бізге білім беріп өсірген,
Қатемізді әрқашан да кешірген.
"Өмір жолы-қиын жол" деп әрдайым,
Тәрбиелеп, ақылды ғып өсірген.
Нұрақыл: Анамдайсың менің асыл ұстазым,
Өтіп жатыр бізбен бірге қыс-жазың.
Жылдар бойы тәрбиелеп, аялап,
Болашаққа байтақ бір жол нұсқадың
Диас: Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға
Тарап демде кетеді шаршауың да
Бал-бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер
Тұрғанында солардың қоршауында
Нұрақыл: Ұстазға әркім басын ию керек,
Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.
Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,
Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.
Диас: Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,
Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.
Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,
Шәкіртінің биікке шыққандарын.
Нұрақыл: Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Диас: Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Нұрақыл: Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иелік мәңгілік!
Диас: Атағым Алатаудай болып биік,
Тұрса да төбем өсіп көкке тиіп
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,
Тұрармын «Ұстазым!» деп басымды иіп.
Екеуі бірге: Білімнің нәрін беретін
Ұстаздарым, мың алғыс!
----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
1-жүргізуші: Сен қалай ойлайсың, Шынар? Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық өнер - тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
2-жүргізуші: Әрине, дұрыс айтасың. Ардагер ұстаздарымыздың өкшесін басып, ұстаздық еңбек жолында 25,30,35жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымыз да жетерлік екен. Ендеше, олар да дәл бүгін сый-құрметке лайық.
1-жүргізуші: Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс - жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.
2-жүргізуші: Ұстаздық еңбек жолын бастағанына 25,30 және 35 жыл толып отырған ұстаздарымызды марапаттау үшін ортаға Келдімұрат Түгелбайұлын шақырамыз.
/Ұстаздарды марапаттау/
Қарлығаш: Туған күн иелерін ортаға қайта шақырамыз. Сіздер дәл қазір "Тапқыр достар" ойынындасыздар. Ойынның шарты: қолдарыңызға берілген әріптерді залға көрсетіп тұрып, біз қойған сұрақтарға сол әріптен басталатын сөзбен жылдам жауап беруіңіз керек. Ендеше, бастаймыз.
Сұрақтар:
1. Есіміңіз кім?
2. Сүйікті тағамыңыз?
3. Бүгін қандай күн?
4. Бұлтты күні найзағай қалай күркірейді? Мысалы: шықыр-шықыр.
5. Орманнан нені кездестіруге болады?
6. Теледидарды қалай қарайсыз?
7. Ұстаздардың ішіндегі өзіңізге ең жақын, әрі сырыңызбен бөлісетін адамыңыздың есімі?
8. Сіздің мінезіңіз қандай осы?
9. Оқушыңыздың бойындағы қандай мінезді жек көресіз?
10. Кішкентай кезіңізде Жаңа жылда Аяз атадан қандай сыйлық алдыңыз?
11. Ол сыйлық қазір қайда?
12. "Қоян" сөзінің ағылшын тіліндегі аудармасын кім біледі?
13. Кез-келген санды айтыңызшы.
14. Енді айтқан саныңызға 1-ді қосыңызшы.
15. Есебіңіз дұрыс па?
15. Дәл қазір көңіл-күйіңіз қандай?
16. Әріптестеріңізге не тілер едіңіз? /Тілек/
17. Ойынымыз аяқталды. Не айтасыз?
Берілетін әріптер: С, Қ, Ж.
1-жүргізуші: Рахмет, ұстаздар. Орындарыңызға отыра берулеріңізге рұқсат. Ұстаздарымызға қошеметтеріңіз!
1-жүргізуші: Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
2-жүргізуші: Кеше ғана өткен аудандық «Маңғыстаунама» байқауының жүлдегері 8-сынып оқушысы Ержанова Индираның орындауында «Мектебім» әнін қабыл алыңыздар!
/Сазды сәлем/
----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
2-жүргізуші: Қазына, осы жылы 45, 50, 55, 60, 65 жасқа толып отырған туған күн иелерін білесің бе?
1-жүргізуші: Әрине, менің Ақтауда тұратын нағашым Бекболат ағам 50ге шықты, көршіміз бар емес пе Алтын апа, сол 60-қа шығып, "Нұргелдіде" дүркіретіп той жасады, ал туған жеңешем ...
2-жүргізуші: Тұра тұршы, Қазына, қатырасың, сенің туған-тумаластарыңның біздің мерекемізге қандай қатысы бар? Қызық екенсің. Мен ұстаздарымыз туралы сұрап тұрмын ғо.
1-жүргізуші: Ой, кешірім өтінем, айып етпеші. Қайдан білейін? Бірақ ол туған күн иелері кімдер?
2-жүргізуші: Олардың кімдер екенін дәл қазір біз Келдімұрат ағайдан біле аламыз. Ендеше, сол ардақты ұстаздарымызды туған күндерімен құттықтау үшін ағайды ортаға шақырсақ қалай қарайсың?
1-жүргізуші: Әрине, келісемін. Ендеше, ағай, сөз кезегі тағы да өзіңізге беріледі.
/Туған күн иелерін құттықтау, марапаттау./

2-жүргізуші: Қазіргі таңда ұстаздарымыз жаңа әдіс-тәсілдермен сабақ өткізуді дәстүрге айналдырды. Олардың әрбір сабағы топқа бөлінуден басталады.
1-жүргізуші: Шынар, бүгін біз де ұстаздарымызды жетон таңдау арқылы екі топқа бөліп, шағын сынақ алсақ деген ұсынысым бар. Қалай қарайсың?
2-жүргізуші: Әрине, келісемін. Бірақ ұстаздарымыздан сынақ алуды Қарлығаш апайға тапсырғанымыз жөн болар. Солай емес пе? Ендеше, кезек өзіңізде, апай.
Қарлығаш: Құрметті ұстаздар, жетон таңдап екі топқа бөлінулеріңізді сұраймыз.
/Жетон таңдау арқылы ұстаздар "Қазақ хандығы" және "Халықтар Ассамблеясы" топтарына бөлінеді./
1-жүргізуші: Сіздерге берілетін тапсырма "Сәйкестендір" деп аталады. Алдарыңызда берілген тапсырмадағы шеңберлер ішіндегі сөздерді анықтамаларымен сәйкестендіресіз. Берілетін уақыт - 2 минут.
Тапсырма:
1. Каникул – жылдың ең қысқа күндері.
2. Күнделік – үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
3. Математика – мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін “жаңғақ”.
4. Дос – бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
5. Сабақ – үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
6. Спорт секциясы – әжеме айтатын басты сылтауым.
7. “Апайға айтам” – қыздардың негізгі қаруы.
8. "Жоқ" - журналға түсетін белгі.
9. "Ұмытып кеттім" - мұғалімнің ең жек көретін оқушы жауабы.
/Тапсырма орындалады. Уақыт аяқталғанда топ мүшелері постерді тақтаға іліп, қорғайды./

1-жүргізуші: Ашық болсын нұрға толы көгіміз,
Аман болсын еліміз бен жеріміз.
Аманаттап тапсырамыз тағдырды -
Анамыз деп қабылдадық сені біз!

2-жүргізуші: Әр таң сайын жаңа арман құшамыз,
Ұстазымыз - үлгі бізге ісі аңыз.
Жақсылықты, тәтті үмітті танытқан
Өзіңізді мәңгі үлгі тұтамыз!
1-жүргізуші: Үнді биіне кезек береміз.
/Сазды сәлем/
----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
1-жүргізуші: Мектеп қабырғасынан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі екені анық.
2-жүргізуші: Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
1-жүргізуші: Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады.
2-жүргізуші: «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады.
1-жүргізуші: Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрметіміз арта бермек!
2-жүргізуші: Ұстаздарға мың алғыс
Алғыстарым көп менің,
Асыл анам, мектебім!
Үйреткені адалдық,
Ұсынғаны адамдық,
Текті мінез, даналық
Бар ұстазға тілейміз:
Бақыт, табыс, амандық!

1-жүргізуші: Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге сəттілік пен шығармашылық табыс тілейміз.
2-жүргізуші: Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін!
1-жүргізуші: Ұстазым,менің,ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып.
2-жүргізуші: Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстаздар, төл мерекелеріңіз тағы да
1,2-жүргізуші /бірге/: құтты болсын!!!
1-жүргізуші: Осымен Сіздерге арналған "Ұстаздарға мың алғыс!" атты мерекелік сазды бағдарламамызды аяқтаймыз. Амандықпен мерекеден мерекеге жете берейік!!!
/Хор "Ұстазым"/
---------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
/Соңы/
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.