Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Тәрбие іргетасы отбасында қалыптасады -

Тәрбие іргетасы отбасында қалыптасады

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 1649 | Размер: | Автор: гость
. Сейтхожаева Халия Орынбайқызы,
№372 бастауыш мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Арыс қаласы

Тақырыбы: Тәрбие іргетасы отбасында қалыптасады

«Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді»,-дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшеттер қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді қажет етеді. Тәрбие кездейсоқ оқиға емес, ол қоғамның пайда болуына тән қасиет. Тәрбие - жеке тұлғаның санасына, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ететін құрал. Тәрбие халықтың ғасырлар бойы жинақтап,іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы. Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің сөзімен айтар болсақ: «Тәрбиелеу – халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту болып табылады». Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету.
Жастарды тәрбиелеу ісі мектептің, ондағы қоғамдық ұйымдардың ғана міндеті емес, сондай-ақ, ата-аналардың да міндеті. Яғни жас ұрпақты тәрбиелеу мектепте ғана жүргізіліп қоймайды, ол әрбір отбасының, әрбір ата-ананың белсене қатысуын керек етеді. Сондықтан жас жеткіншектің, соның ішінде өзінен туған баланың болашақта жақсы адам болып шығуын көздейтін, соған жаны ашитын ата-ананың бала тәрбиесінен сырт қалуға ешқандай да моральдық қақысы жоқ. Олай болса балаларды тәрбиелеу ісін ата-аналар мен мектеп және ондағы қоғамдық ұйымдар бірлесе қолға алуы керек. Ол-бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі болып саналады. Мектеп пен ата-аналардың бірлесе жұмыс істеуі, бір-біріне көмекші болуы балаларды тәрбиелеу ісі үшін аса керекті шарттардың бірі болады. «Тек ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін» -деген В.А.Сухомлинскийдің сөзін негізге алуға болады.
Қазақта «баланың бас ұстазы-ата-анасы» - деген сөз бар. Ата-аналар балаларының мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыруы тиіс. Жан Жак Руссо : « Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туылады, оның бетіне шимақты қалай салсақ, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, бала солай тәрбиеленеді»,-деген екен. Бұдан шығатын түйін: бала тәрбиесіне ата-ананың еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, адамгершілігі әсер етеді. «Баланың жақсысы - әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы-қайғысы, бақытсыздығы, азабы»-дейді халқымыз. Бала мектепте 6 сағат болса, 18 сағаты үйде болады. Сол себепті ата-ана баласының оқуына, жүріс-тұрысына, жолдастарына, сонымен қатар киетін киіміне де зер салып, қадағалап отыруы тиіс. Бала ата-анадан әрқашан да мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Әпик: «Күллі ғажаптың ішіндегі ең тамашасы –жақсы тәрбиеленген адам»-деп пайымдайды.

«Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр, балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші , немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Олардың қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға әзір. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке, әже жоқ». Ет жүрегі елім деп еңіреген еңселі ердің бірегейі Бауыржан Момышұлы осылайша өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдаушылық білдірген. Бұл айна-қатесіз шындық.
Сүйікті пайғамбарымыз ( с.ғ.с.) ұрпақ тәрбиесіне қатысты өнеге етіп, сүйенер хадистері жетерлік. Соның бір қатарын зерделелік. «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы-ол тәрбие», «Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру - бір сағат (2120 грамға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы»-деп, балаға көңіл бөлудің мейлінше сауаттылығын қаперге салады. Шығыс халықтарының «бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат»-деген нақылының мәні өте терең. Олай дейтініміз тәрбиелі ұрпақ - ата-ана мақтанышы. Ел ертеңі де рухани қайнардан сусындаған ұлттық рухы кемел, өнегелі тәрбие көрген ұрпақ қолында екенін есте ұстағанымыз жөн. Қай ұлт болмасын өз болашағын, елін, жерін, салт-дәстүрін аманат етіп тапсыратын текті, саналы ұрпақ өсіре алмаса, оның келешегі бұлыңғыр! Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына ең алдымен әрбір ата-ана жауапты. Қазақ халқы ертеден перзентінің өзінен оза тууын қалаған, ұрпағының тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қараған. Ойға алып қарасақ, қазақтың бүкіл салт-санасы, әдеп-ғұрпы, ертегі, аңыздары, мақал-мәтелдері, жыр-термелері, тіпті, жұмбақ-жаңылтпаштарына дейін ғибратқа толы екенін бағамдау қиын емес. Кешегі кеңестік заманда ежелгі қазақ қоғамында берік қалыптасқан ұлттық тәрбие жүйесінің қараусыз қалуынан сапасы төмендеп кетті. Қазір де мәз емес. Бұған есірткеге тәуелділік, ішкілік пен темекіге әуестілік, әсіресе жасөспірімдер арасында бұзақылық пен қылмыстың өршуі дәлел. Оған себеп те жетерлік: кәсіпкер әкеге күнкөріс кәсібі, алыпсатарға тауары, шенеунікке қызметінде жоғарылай түскен лауазымы қымбат. Анасының үй тіршілігінен қолы босамайды да, балаға уақыт таппайды. Бүгінгі жұрттың бәрі үңіле қарайтын теледидардағы сериалдар мен мультфильмдердің атыс-шабысы, төбелес, қирату, зорлық-зомбылығы, ғаламтордағы түрлі жантүршігерлік көріністер... Мұндай дүниелер әлі көзқарасы мен санасы қалыптаса қоймаған балаға зияннан өзге пайда бермесі анық. Әсіресе сезімтал, тез қабылдағыш бала санасына күшті әсер етеді. Бала теледидардан немесе ғаламтордан көргенін істейді, жағымды да, жағымсыз да қылық пен іс-әрекетті үлгі деп қабылдап еліктейді. Бұдан шығатын қорытынды: бала тәрбиесі дұрыс жолға қойылмаса ата-анасына күйік. Қазіргі кезде баланы бетінен қақпай, еркін өсіру керек деген сөздің мәнін толық түсіне алмай жүрген ата-аналар да жеткілікті. «Қазір кішкентай ғой, қайтер дейсің, өсе келе өзі-ақ түсініп қояды» деген оймен балаларының теріс қылықтарына жете мән бермеген ата-ана соңында сол баласы өзін де тыңдамай, теріс жолға түсіп, ата-анасын зар жылатып, қоғамға да кесірін тигізіп жатады. Бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екеніне ғибратқа толы бір мысал келтірелік. Баяғыда бір кісі ғұламаға келіп: «Балам бір жасқа толды, тәрбиесін қай кезден бастаған дұрыс?»-деп сұрағанда, әлгі ғұлама: «Тәрбиені бір жылға кешіктіріпсіз»,-деген екен. Бұдан тәрбиені сәби дүниеге келісімен бастау қажеттігін ұғынсақ керек. Ал, дінімізде ұрпақ тәрбиесі тіпті одан да ерте, лайықты жар таңдауда басталады. Дініміздің отбасын құруға қатысты ұстанымында шаңырақта дүние есігін ашатын ұрпақтың қамы да шет қалмаған. Өз ортасының сәбиге тиісінше әсер ететіні түсінікті. Қазақ айтпақшы, бала да құс секілді: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Оған ата-ананың сөзі де, іс-әрекеті де әсер етпек. Сондықтан күнделікті өмірде қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынаста бола отырып, баланы бүкіл шексіз әлемде тек қана ләззат пен сүйіспеншілік, мейірімділік пен үйлесімділік, әділдік пен адалдық, әдептілік пен мәдениеттілікке тәрбиелегеніміз абзал. Бала үшін әрбір кезең маңызды, әрбіреуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе, басты міндет - дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік мәдениетті, әдепті, патриот жастарды тәрбиелеу десек, баланың әр кезеңдегі ерекшеліктеріне мән беріп, салауатты өмірге бет бұруына ықпал жасау –тәрбие ісінің негізгі мақсаты болып табылады. Баланың адами тұрғыда жетілуі үшін әлбетте оған әдеп пен адамгершіліктің ара-жігін ашып түсіндіретін тәрбие керек. Баланың мінезін жақсартуға, дұрыстауға, көркем етуге күш салуымыз керек. Мінез- қайнаған қайсар күш, қабілетті жетілдіретін ғажайып қайрат пен куат. Көркем мінез-құлық – асқан әдептілік,, ізгілік, иба, инабаттылық, шынайы имандылық, әділдік, адалдық, тазалық, мейірімділік, жанашырлық, кешірімшілдік, кеңпейілділік, кішіпейілділік, сабырлылық, ұқыптылық, адамгершілік қасиет. Мұны қалыптастыруға үш нәрсе әсер етеді: тұқым қуалау, қоғамдық әлеуметтік орта және Алладан берілетін ақыл-ес, парасат. Балаларды арамнан аулақтату, оған адамгершілік қасиеттерді сіңіру - баршамыздың міндетіміз. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы , ол келешекте оның өміріне зиян келтіреді»-деп, ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби атап айтқандай, тәуелсіз еліміздің тірегі болар балаларымыздың бойына рухани адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, инабаттылық, саналылық, ұқыптылық, кішіпейілділік, бір сөзбен айтқанда, нағыз адами құндылықтарды бойларына дарыту- баршамыздың азаматтық борышымыз болып табылады.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.