Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Татулық-бірлік бастауы -

Татулық-бірлік бастауы

Сабақ жоспары | Документы | Қосымша сабақ жоспары Загрузок: 0 | Просмотров: 2296 | Размер: | Автор: гость
. Ақтөбе облысы,Мұғалжар ауданы
Қандыағаш қаласы №4 қазақ орта мектебі.
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі: Кужаниязова Гулдана Кубантаевна

Өзін-өзі тану сабағының жоспары
Мектеп: Мұғалжар ауданы Қандыағаш қалалық №4 орта мектебі
Мерзімі : 23.01.2014ж.
№: 17 сабақ.
Тақырыбы: Татулық-бірлік бастауы
Құндылық: Сүйіспеншілік
Қасиеттері: Қайырымдылық, мейірімділік, тазалық, сыйластық, қарым-қатынас, адалдық, ынтымақтастық.
Мұғалім: Кужаниязова Гульдана Кубантаевна
Класс: 9
Оқушылар саны: 21
Сабақ мақсаты: Оқушылар мен достар арасындағы татулық, бірлік, ынтымақ сезімінің сүйіспеншілік
құндылығынан туындайтыны
туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:
• Оқушыларға татулық, достық, бірліктің адами қарым- қатынастағы сүйіспеншілік мәнін ұғындыру.
• Оқушылар мен достар арасындағы сыйластықты, мейірімділікті, тазалықты, адалдықты, жарастықты қарым- қатынас жасау қасиеттерін дамыту.
• Оқушыларды бірлікке, жауапкершілікке, ынтымаққа қайырымды болуға тәрбиелеу. Ресурстар:
Оқулық, дәптер (аудио,видио жазбалары )
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі:
Сәлемдесу.
Оқу құралдарына назар аудару. 5Т

2.Тыныштық сәті.
«Күннің нұры» (5 минут)
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді.
Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеіңізден шығып, жан жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан – жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат пен Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз.
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз.Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет.

Үй тапсырмасын тексеру:
Тапсырма:
Татулық- достық кілті тақырыбына эссе жазуға берілді.
• Неліктен сүйіспеншілік –баға жетпес құндылық ?
• Әлемде сүйіспеншілік болмаса не болар еді?
• Достар арасындағы сүіспеншілікті қалай түсінуге болады?

• Адамдар арасындағы жарастықты, сыйластықты, қайырымдылықты, бірлікті сақтауға не ықпал етеді?
• Достардың ортақ мүдде мен бір көзқараста болуы мүмкін бе?
• Досыңның қателігіне, кемшіліктеріне көз жұма қарайсыз ба? Сабақ барысын талдау:
1. Дәйексөз.
«Әуелі сүйіспеншілік, одан кейін оқыту»
Я.А.Коменский
«Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа»
Халық аузынан
• Сүйіспеншілікболған жерде неге орын жоқ?
• Достық пен жолдастықтың айырмашылығы неде және жақсы мен жаманды қалай айыра білуіміз керек?
Бәріміз қосылып айту.
2рет ұлдарға, 2рет қыздарға, 1рет хормен айту.

2. Әңгімелеу.
Қонақасы
(Аңыз)
Ерте-ерте заманда, дүниеде адамдардың мүлдем аз кезінде бір ақылгөй қарт өтіпті. Ол жабайы түйелерді, жылқыларды, сиырларды, қой – ешкілерді қолға үйреткен қазақ даласындағы алғашқы мал өсіруші екен. Оның үш ұлы болыпты. Ізгілікті ұлдар үнемі әкесінің айтқанынан шықпай, мал табындары мен отарларын жандарын сала бағып күзетіпті. Әбден қаусып, қартайған шал ұлдарын шақырып алып:
- Е, балаларым, мен көп ұзамай өлемін. Адал еңбегіммен тапқанымның бәрін сендерге қалдырамын. Менің малымды төртке тең бөліңдер де, әрқайсысың бір-бір табыннан алып, әкенің ісін әрі қарай сәтімен жалғастырыңдар. Малды әлпештеп, бағып-қағып көбейтіңдер, тату-тәтті өмір кешіп, өз ұрпақтарыңды жақсылыққа баулыңдар... – дейді.
Ұлдар әкесіне тағзым етіп, тартқан сыйы үшін рахметтерін жаудырады. Киіз үйден шығып кетер алдында олар:
- Уа, әке, айтқаныңды жаңсақ естімедік пе екен? Сен малды төртке бөлуді ұйғардың. Ал төртінші бөлікті кімге қалдырмақшысың? – деп сұрайды?
Сонда өлгелі жатқан әке тіл қатып:
- Өз малымның төртінші бөлігін мен сендердің қонақтарыңа қалдырамын. Баспана мен тамаққа мұқтаж болып, жай тілекпен немесе зәрулікпен үйлеріңе келген әрбір адамды мейіріммен қарсы алып, ас- суларыңды аямай, паналатыңдар. Егер қонақ сыпайылық сақтап, ас-судан бас тартар болса, оған ол сендердікі емес, өз несібесін ішіп-жеп отырғанын айтыңдар. Өйткені, сендердің игілік-ырыстарыңның ішінде оның да үлесі бар, - депті.
Содан бері көп ғасырлар өтті. Адамдар өсіп-өрбіп, сахараға жайылды.
Үлкен ұлдың әулетінен Ұлы жүз, орташынікінен – орта жүз, кіші ұлдікінен – Кіші жүз тарады. Сол кезден бері заманалар алмасты, өмір өзгерді. Бірақ барлық замандарда, айлар мен жылдарда сахарада қонақжайылық ғұрпы сақталып қалды, Қазақтың Үйіне күндіз – түні кім кірсе де, жылы қабақ пен құрметті төр, ықылас-пейіл, жомарт қонақасы күтіп тұрмақ.

• Аңыздан қандай ой түйдіңіз?
• Әкесі өз ұлдарын қалай тәрбиелеген және де татулық, бірлік бар жерде не болады деген?
• Өз ұлдарына қандай ақыл -кеңестерін айтып кетті?
• Сүйіспеншілік сезімдеріңді қалай білдіресіңдер? Кімге? Неліктен?
• Сүйіспеншілік Өмірге неге аса қажет деп ойлайсыздар?
• Жақсы көрудің мәні неде және ұлдар арасындағы сүйіспеншілікті қалай түсінуге болады?

3. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
«Татулық- достық кілті» тақырыбына байланысты үш топқа бөлу, 1 топ- мақал-мәтелдер, 2 топ – сурет салыңыздар, 3 топқа – өлең шығару тапсырмасы беріледі.

4.Топпен ән айту.
Қ.Ыдырысовтың «Қайдасыңдар, достарым?»
Бірге тойлап, бірге өткізген,
Жалындаған жас шағын.
Талай қызық күнді өткізген,
Қайдасыңдар, достарым?
Қайырмасы:
Достар, достар, жүрсің қайда?
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз.
Бәріміз де таптық бүгін,
Бақыт жолын іздеген.
Дос үміті, достық сенім,
Әрқашан да бізбенен.
Қайырмасы:
Достар, достар, жүрсің қайда?
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз
Жүрсек-тағы қиыр шетте,
Досты ұмытқың келмейді.
Достық жалын бар жүректе,
Суымайды, сөнбейді.

Қайырмасы:
Достар, достар, жүрсің қайда?
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз


5. Үй тапсырмасы.
18- сабақ. «Бала жетектеген әйел»атты мәтінді оқып келу.

Елімізде тұратын әр ұлт, ұлыс өкілдері және олардың ерекше қасиеттері, әдет-ғұрыптары туралы материалдар жинап, «Халықтар достығы» тақырыбына фестиваль сценариін жазу келу.

6. Соңғы тыныштық сәті.
- Енді көзімізді жұмып осы сабақта айтылған ойлар мен істерді ой елегінен өткізіп көрейікші.
- Барлық айтылған жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне апарып орналастырайық.
- Енді көздеріңді аша қойыңдар. Сабақ аяқталды. Бүгінгі күндерің қуаныш әкелсін.
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.