Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Ата қыран өсиеті  (Поэма өсиет өлең)

Ата қыран өсиеті (Поэма өсиет өлең)

. Ата қыран өсиеті (Поэма)

Қыран бүркіт қар жамылып қабағы ,
Саңқылдайтын қырылдайды тамағы.
Кәріліктің кездігіне кезігіп,
Қиылардай қасиеттің дарағы.

Шыңнан аңсап көз тоймайтын даланы,
Қарулы еді іле кетер дараны.
Қайран жастық қыр астында қалғандай,
Дауыл соғып дірілдейді балағы.

Жалт қарайды,бойын тіктеп,от жанар,
Аш болса да өзін паң қып тоқ санар.
Қартаюды айып көріп қарт қыран,
Қайран намыс жүрегіне шоқ салар.

Ата қыран туыстарын жинады ,
Жартас шыңға жақындары сыймады.
Жасаурайды жанарларда жылы жас,
Қимастық-ай қиындатты,қинады.

Біреуінде: «Биіктеткен белес бар»,
Екіншіде: «Еркін еткен елес бар».
Арттағылар : «Ардақ тұтқан аялап»,
Кішілерде: «Кішіпейіл кеңес бар».

Қия шолып,қосылып тұр қастары,
Алқа жиын Алатаудың асқары .
Көз тігеді қалт жібермей қырандар,
Беймәлімдеу кездесудің астары.

Бақыт көріп бұл кейіпті бастағы,
Көсем-қыран жайлы отыр,тас-тағы.
Ажал алды ажарланған, айбарлы,
Қанат қомдап,қайсар сөзін бастады:

-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,
Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.
Биіктікті бағаладым биік боп,
Бар әлемге жетті үнім.

Мен бүркітпін,жалын-жүрек ,жаны әділ,
Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.
Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,
Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.

Суық сында,биік шыңда шыңдалдым,
Сұлулыққа заңғар таудан шын қандым.
Сері көңіл,сараланған семсермін,
Бірі емеспін мыңдардың.

Ірі болдым, майдаларға жаным қас,
Жоламадым сасықтарға тәні лас.
Топқа қоссаң тышқан інге қашады,
Дарындылық дарымас.

Ескертемін,майдаланып барасың ,
Қорқақтанып ,қобалжиды қарасың.
Жағымпаздық түптеріңе жетеді,
Біреу келсе естеріңнен танасың.

Жараладың, жақыныңды жат қылдың,
Тұлпар атап, есегіңді ат қылдың.
Кім бай болса, жетегінде кетесің,
Құлы болар күнің туды тақ, пұлдың.

Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,
Биік болып жүруіңді сұрандым.
Көк бөрінің ұлуынан ояншы,
Тектілігін тұмар етші Тұранның

Болашақты болжап сірә, ұғар кім?
Полат едім майыспайтын, сынармын.
Жер- байлығың сатылуға аз-ақ тұр,
Мұны көріп қалай ғана шыдармын.

Кеңпейілсің, шекаралар ашылды,
Пайдалысы, зияндысы тасылды.
Ақкөңілмен апатты аймақ атансаң,
Тек өкінбе құрғата алмай жасыңды .

Бұлттардың арасында самғадым,
Бақыт жолға жасалынды бар қадым.
Қайраттандым, қатты болдым,қайтпадым,
Өмірімді өз еліме арнадым.

Жекпе-жекте ылғи мерей үстем боп,
Батырлықта биіктерден түскем жоқ.
Көк бөрінің көрінбейді тұқымы,
Күйдіреді-ай іштегі от.

Үмітімнің сөнгендей ме алауы ?
Көсем едім ,қайда көңіл қалауы?
Ағалардан іні бұрын сөйледі,
Желбірей ме жалмауыздың жалауы?

Қарауылға алып тұрмын қартыңды,
Өсиет жоқ ,өнеге жоқ тартымды.
Туралық жоқ,тұлпарлардың тұяғы,
Жүйрік деген желмей жатып алқынды.

Ұмытпағын, жүректе ұста антыңды,
Бауыр неге бір-біріне салқын-ды.
Қолда барда қадіріне жеткейсің,
Алалама алтынды.

Өмір жалған, бәрі өтпелі, дегенмен,
Тұнжырама түбін ойла тереңнен.
Ажал айқын,ар намысты ойлаған,
Тәңірімнің шуағына бөленген.

Өкінбей жүр өмірде бол өлермен,
Таңбалы тас не айтады көнерген.
Имандылық туың болсын желбірер,
Өрге өрлегін өнермен.

Бірлік болсын барлық істің бастауы,
Күндеу, талас-тіршіліктің қас жауы.
Өмір сүру,шіркін,қандай ғанибет,
Сыйласатын халқы- қамал, дос-тауы.

Өмір сүрдім,өкінбеймін, өлем мен,
Өсиетімді орындарсың сенем мен.
Естімесең «Көк бөрінің»ұлуын,
Түстеріңе әруақ болып енем мен.

Саңқ етті де, қыран бірден нықталды,
Жан күйзелген, жанарларда шық қалды.
Ең соңғы рет қадап көзін қиянға,
Таңғажайып табиғатқа сұқтанды.

Қайта келмес бұл мезетті ұққан-ды,
Серт семсерін санасына сұққан-ды.
Жалғандықтың жамай алмай жамауын,
Жан дүниесі жарылуға шыққан-ды.

Қырандардың құпиясы құлыпта,
Оларға жат салғырт,сылтау,сынық та.
Көсемдігін көрсетуге көзбенен,
Ата қыран ұшып шықты бұлтқа.

Бұл ерліктің беймәлімдеу астары,
Бәлкім осы –ар,намыстың асқары.
Күйініштен күйіп кетіп,күйзеліп,
Мүмкін қыран өзін-өзі тастады.

Қырандарға тән ғой қызуқандылық,
Тек соларда еркіндік те, сан ғұрып.
Ата қыран өсиеті жаңғырып,
Жүректерде сақталады мәңгілік :

-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,
Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.
Биіктікті бағаладым биік боп,
Бар әлемге жетті үнім.

Мен бүркітпін, жалын-жүрек, жаны әділ,
Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.
Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,
Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.

Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,
Биік болып жүруіңді сұрандым.
Көк бөрінің ұлуынан ояншы,
Тектілігін тұмар етші Тұранның

Ей, адамзат, естисің бе? Қыранмын...
2004жыл
Просмотров: 2113
.