Меню
Назад » »

Бір үзім нан. (поэма)

загрузка...
Бір үзім нан. (поэма)

Көше бойлап келе жатқан аруға,
Байқалғаны нанның жерде жатқаны.
Кім тастаған? Жанға қатты батқаны,
Тез көтеріп имандылық танытты.
Адасқандай, жол қиындап баруға,
Осы нанға үміт отын жаққаны,
Жол көрсетер жандарды да тапқаны,
Бір үзім нан көрсеткендей бағытты.

Осы бір жайт еске салды өткенді,
Ашаршылық заман өткен елімнен.
Жеті жұт боп таралған-ды кеңінен.
Мінер тұяқ қалмай, бітпей егін де,
Қырсық шалып, өрт те алып беткейді,
Жаңбыр жаумай, су таусылып көлімнен.
Аштық-қорлық, болмайтын-ды тегіннен,
Жұртым тұрды жойылатын шегінде.

Тоқшылық-ай, нанның жерде жатқаны,
Ашаршылық заманды кім ұмытар?
Сол бір кезең аман қалған шын ұтар.
Қара суда балық жоқ боп кеткені.
Халық босып, талғажау боп тапқаны,
Не тапса да апыл-ғұпыл қылғытар.
Ана ерлігін үлгі етіп ұл тұтар,
Ұмытылмас ұлы тарих беттері.

Нан қадірін біліп жүр ме бар адам?
Ол кездегі бала қазір қария.
Бір үзім нан тауып жесе әр ұя,
Ертеңінен жарық сәуле іздейтін.
Сол бір нәубет шығады ма санадан?
Есіне алса көз жасы көл дария,
Байлық жетер, елде бәрі жария,
Қайда анасы, қарындасы «Сіз»дейтін.

Қарны ашып, қу далада қаңғырып,
Келе жатты ана ұлы қызымен.
Соры қайнап қасқыр түскен ізімен,
Бұлар бейқам, шөп тамыры жегені.
Қасқыр ұлып, дала үнге жаңғырып,
Түн суытып, қара суық күзімен.
Үміт үзбей ана жылы жүзімен,
Ұл қызымен баспана етті төбені.

Перзенттері екі жақтан құшақтап,
Балбырайды тым ерекше таңменен.
Келгендей-ау екеуі де әнменен,
Ана байғұс оятуға қимаған.
Қатқан нанды тең бөлді де ұсақтап,
Нұр құшты да қайталанбас сәнменен.
Ұрпақтарын сүйіп, құшты жәйменен,
Қасқырларды көріп, есті жинаған.

Тез оятып, перзенттерін ұмтылып,
Қолдарынан сүйрей алға жөнелген.
Қару болса құтылар ма еді егерден?
Қу дорбаны тастап тағы қашқаны.
Кішкене қыз көздерімен сыр тұнық,
Шаршап артта қала берді дегенмен.
Жыртып, талап қу дорбаны көнерген,
Қасқырлар жүр азық болмай шашқаны.

Шүберекке жанды түйіп, зуылдап,
Келеді ана перзенттерін сүйрелеп,
Қасқыр жетті дәл артынан кимелеп,
Амалы жоқ қыздың қолын босатты.
Қарс айырылып, жүрек кетті-ау дуылдап,
Ана ойы: «Ұлсыз Отан күйремек,
Елді кімдер билемек?
Ерсіз ел де қашан мәңгі жасапты?»

Ана ұлымен жүгірумен қыр асты,
Көз ұшында көріп қалды ауылды.
Ана жүрек жылап келер, жауынды,
Сәл қалғанда қыздан қапты-ау айырылып,
Ана аңырап, перзентіне сыр ашты.
Қасқырларды көріп үйір дауылды:
«Мен қайтарам, ұлың сенің жауыңды,
Жүгіре бер қарамағын қайырылып!»

«Ұрпақтарды өрбітетін өзіңсің,
Сенімімді, үмітімді жалғайсың.
Абыроймен адам болып қалғайсың,
Тек өзіңе артылады аманат!
Жан жүрегің жақсылықты сезінсін!
Ақ жаныңды адалдыққа арнайсың!
Қасиетпен қиянатқа бармайсың!
Әрбір іске қанағат...»

Қасқырларға қарсы тұрып, қасқайып,
Қайран ана перзентке арнап өмірін.
Тағзым етіп, қорған етіп тәңірін,
Мейірлене қарап тұрды ұлына.
Жалындаған жанарынан жас тайып,
Кір шалдырмай көңілін,
Таңдамай да тағдырының жеңілін,
Перзентінен нәр алғандай жылына...

Ана ерлігін ұлылыққа теңейміз,
Ал сол бала өніп өсті мың болып.
Осы жырмен ашылмайды сыр толық,
Гүл-өмірдің қадіріне жеттік пе?
Бай болғанмен рухани кедейміз,
Өткен күнге есеп берген кім шолып?
Ашығуды біле ме ұрпақ шын тоңып?
Саналы боп сағынышпен өттік пе?

Адам болып, адам жанын ұқтық па?
Жаза алдық па жараланған жүрегін?
Адам толық сезіне ме тірегін?
Рухы кеміп, кедейленген тұғырын.
Ата-ананың көңілінен шықтық па?
Жалғастырып әкеттік пе тілегін?
Барлық бақыт ұрпағыңмен гүл-егін,
Өзгермейтін мәңгілікке бұл ұғым!

Тектіліктен таралады тамырың!
Адамдықпен биіктелер беделің!
Кісі болып, кісіліктің кемелін,
Ұғынарсың бастан бәрін өткізіп!
Көп жағдайда сақтап қалар сабырың,
Өсіре біл ерлік, елдік еменін
Тағдыр-толқын, өмір атты кеменің,
Сыйластықпен жүзуінде тек қызық!

Қасиетің қадіріңді қаламақ!
Ар-намысың алға қарай сүйрейді!
Баянсыз іс түбі бір күн күйрейді!
Тек жақсылық жанданады жаңғырып!
Өмір сүру-әрбір жанға дара бақ!
Болмысыңды таза сана билейді!
Ынтымақпен ырыс құтың жиілейді!
Азаматтық ұлылықпен мәңгілік!!!
06.05-15.05.2009жыл.
загрузка...
Никто не решился оставить свой комментарий.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.
avatar