Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Достық құны...

Достық құны...

. Достық құны...
Жолға шықтық, қария отыр қасымда,
Ширақ өзі тоқсандағы жасында.
Сөзге тарттым, жол қысқарсын дегендей,
Көктем кезі көңілді етер расында.

Әңгіме етті тіршілігін сан қырлы,
Тағдыры да тым боранды, жаңбырлы.
Ашаршылық, соғыс көрген қарт қыран,
Айтқан сайын дауысы керім жаңғырды.

Қиындықпен түзетіпті тұрмысын,
Кеш үйленіп, түсіргенде жыл құсын.
Бір перзентке зар болыпты көп уақыт,
Аңсатыпты сарғайтумен ұл- мүсін.

Бәйбішеге ақтарып бар шындықты,
Аялауға басыменен құн тікті.
Тоқал алып келісіммен налытпай,
Бір жылдан соң перзент келіп, күн шықты.

Шаңырақта он екі ұл, қос ана,
Ынтымақты алтын болар босаға.
Еңбекпенен жетіпті олар байлыққа,
Өкпе, реніш қалып қойып тасада.

Барлығы бар, мал мен құрал сайман да,
Байлық келген ұлдар құшақ жайғанда.
Бәрі жетер бір-бір үй боп бәрі отыр,
Неткен бақыт, келдім осы байламға!

Сұрақ қойдым: «Неткен бақыт сіздегі?
Сізден ғана бастау алар із кені.
Шөберелер тойлайтын да шығар-ау,
Бал бақытты, абыройды жүздегі!»

Қарияның салқын тартып қабағы,
Мұңайды да сақал мұртын тарады.
Көңілсіздік, жаулап алды үнсіздік,
Жасы толған жанарымен қарады.

Сүртіп тағы көзін орамалымен,
Қоштасқандай қимас дара бағымен.
Қарияның жан жүрегі жаншылып,
Тұрғандай ед тағдыр қара дағымен...

«Бақытсызбын, бір құрдасым қалған жоқ,
Доссыз болса бұл өмірдей жалған жоқ.
Сырласым жоқ, ойнап әзіл көтерер,
Басқа қайғы мұнша жара салған жоқ»

«Шынында да достық екен бағалы!
Күндей көңілім, «Дос»-деп жүрек қағады!
Доссыз өмір бос екені ақиқат,
Өмір-өзен қимай ағып барады...»

Достың орны бөлек сырлы сыйымен,
Ғажап әлем, жырлы әзіл күйімен.
Сол қария аман ба екен шежіре?
Соңғы кезде ойланамын жиі мен...

Достық туы желбірейді мән барда,
Адал достан алыптықты аңғар да.
Құрмет етіп қадіріне жеткейсің,
Бір сені ойлар жан барда...
21.05.2012жыл.
Просмотров: 1569
.