Меню
Назад » »

Мейірім нұры. (поэма)

загрузка...
Мейірім нұры. (поэма)

Дариға ана еске алды өткенді,
Ай дидарын ерекше бір гүл бөлеп.
Ақ пейілін бөлекше нұр жыр демеп,
Бауырына басқан ұлын қайнының.
Келін ауырып, дәрігерге кеткен-ді,
Тоба еткен, қайырымды іс бұл демек.
Көз алдында қос тіршілік гүлдемек,
Айналды да сәбилерін ай күнін.

«Аурухана пәс етпесін көңіліңді,
Бөбегіңе пана болам қалайда.
Өзіңді күт уайымдама жарай ма?
Сәбиімнен артық көріп баптармын.
Берсем дағы осылар деп өмірімді,
Таңды көзбен атырармын алайда.
Аман есен жазылып шық жаңа айда
Аманатты асыл етіп сақтармын»

Жанын салып, тіпті өзін аямай,
Өз баласын сүттен қағып шеткері.
Нан жегізіп, шұрылдаса ішектері,
Қайнысы мен келінін көп ойлаған.
Көптен күткен сәбиі деп аялай,
Онсыз жетер келін азап шеккені,
Ертеңгі күн жазғырмасын тек мені,
Деген оймен берген серттен таймаған.

Сол бір кезең алып ұшып тұрғандай,
Жалын жастық ойландырмас құбылтып.
Өмірге де, күреске де шын ынтық,
Сәбилермен бала болып кеткендей.
Қос бөбектің иісі мұрын жарғандай,
Сезінгенге өмір мәнін ұғынтып,

Сұлулыққа, мөлдірлікке сұғынтып,
Махаббаты мейірім нұр сепкендей.

Мейірленіп жан жүрекпен беріліп,
Қос сәбиді қатар құшып, ынтыққан.
Пәк бөпенің жанарынан нұрды ұққан.
«Өз балам ғой ұрсам дағы кетпес»-деп,
Жеті айлыққа бар қошемет өріліп,
Шын сыйласу құралғандай құлдықтан,
Өз ұлынан адасқандай адасқандай шындықтан,
Ешнәрсе де жайдан жайға өтпес тек.

Өткен күндер, жалын түндер елес пе?
Жайнап тұрған нағыз жалын жас еді.
Құрбылармен көңіл шіркін өседі.
Студенттік өмір өтті қарбалас.
Түні бойы ән салатын, бәрі есте,
Бәрі уақытша, бастан бәрі көшеді.
Бүгін міне елес-самал еседі,
Өзге өмір, жүрегінде жанталас.

Тұрмыс құрды алып қашу амалмен,
Келген сәтте басқа әлемге сүңгіген.
Қатал ене түп тамырын үңгіген.
Кедейлігін баса айтып құданың,
Ән салғанын теңеп нағыз жаманмен
Жалын отын тез өшіру үлгімен,
Сынай қарап кекесінді күлкімен,
Жас келіннің тауысып бақты шыдамын.

Енесіне әрбір ісі ерсі боп,
Жақсылығы құмға сіңген су болып,
Сөйлеу арман, көкірекке шер толып,
Еркін жерден келген келін қамықты.
Тым болмаса сөйлесетін көрші жоқ,
Қайран ару сусыз гүлдей мың солып,
Қабағына қарар жан жоқ бір шолып,
Күйеуінің түсінбесі анық-ты.

Енесінің қырсықтығы көрінген,
Немересін сыйлаған-ды қыз туып.
Жібімеді сонда дағы жыл жуық.
Тілі шығып, қарсы қойды өзіне.
Көңілі толмай келініне берілген,
Жүрсе дағы еңбектеніп, кір жуып,
Ене ызғарлы, жан жабырқау, үй суық.
Жалғыз қалса жылап жүрді езіле.

Қыз-қызғалтақ, қыз-қылықты, қыз-мұңлық,
Жайнататын, жабырқатар ортасы.
Әлем күлсе аналардың арқасы,
Түсінбеске не айтасың, не шара?
Сол ененің бес ұлы бар бұл шындық,
Гүл келіннің ыстық болар алғашы.
Бұл тегіннен жазылмас-ты жалғасы,
Түсініксіз, жанды ауыртар осы ара.

Ал екінші келінге ене сүйініп,
Құрақ ұшып, мың құбыла ынтыққан.
Байлығы мол жерден деген сырды ұққан.
Келген бетте жақын тартты қызындай.
Әділетсіз ене ісіне күйініп,
Дариға жүр алыс кетіп шындықтан,
Тым өзгергіш енесіне сұмдық таң.
«Түсінер»-деп сабыр етті бұзылмай.

Екі бесік ортасында қамықты,
Бірі жылап, екіншісін оятар.
«Шаршадым»-деу сол бір кезде ұят, ар,
Түсінетін қайын ене тым қатал.
Жанға демеу іздер сәуле жарықты,
Қорқыныш пен үрей басым, ұя тар.
Қорған болар күйеу ұрып, қиратар,
Кімнен демеу таба алады шын адал?

Енесіне сәлем беріп, иілер,
Теріс қарар, көрмегендей менсінбей.
Азып тозды бұл ортаға жерсінбей,
Ауыр соққы енесінің бөлгені.
Күндіз күлмей, түні бойы күйінер,
Ал бай келін еңбек етпей, тер сіңбей,
Байлығымен басып кірді еркіндей,
Мақтар ене : «Көп қой , деумен көргені»

Сонда дағы сәбиге кең пейілді,
Саучсақтары бір-бірінен ажырап.
Жеті айлық пен сәби бейне қозы лақ.
Жыласа олар бірге езіліп, жылаған.
Бір ай және апта тағы өрілді,
Түк көрмеген келін келді азынап,
Қарамады деумен ене азғырад,
Қосылды да іздегенге сұраған.

Сол келгеннен қызғаныштар басталды,
Сәби иісі сіңіп қалған өзіне.
Жаны жылар қимастығы сезіле,
Әкетті ғой баланы да ұстатпай,
Жүрек бірге кеткені де расталды.
Сәби ғана көрінеді көзіне.
Келін кетті сол ұядан безіне,
Ез ененің көп күлкісін қысқартты-ай.

Қарсы шықты енесіне мақтаулы.
Қалалық қой басқа мектеп бітірген.
Тұрмаймын деп шал кемпірдей бүкірмен,
Көшіп кетті жанға жайлы үйіне.
Ене білмей жазғыруды, ақтауды,
Ауызында басқа сөз жоқ шүкірден.
Тұйық шалы насыбай атып, түкірген,
Бетке шапты келіндері үйіле.

Дариға да алған сол кез еншісін,
Мектебінде беделімен көрінді.
Ақ сүт емген өз ұлындай өрілді.
Жұмысында сағынышпен қауышар.
Ақтағандай ақ сүтінің белгісін,
Беттен өбіп, анасындай берілді.
Көрдіңіз бе мұн дай ұқсас өрімді?
Мінез құлық ақ сүтпенен ауысар!

Жеті айлық боп туылғанмен тым пысық,
Жалын от боп құштар биге, өнерге.
«Жан анам»-деп Дариғаға келерде,
Сағынысып табысады аңсаумен.
Бұзық келін беделі де шын түсіп,
Қызғаныштан бұған көңілі сенер ме?
Іші күйіп, өзін-өзі жеңер ме?
Тыңдамай ұл, сөзі өтпес шаршаумен.

Сонда қалай сезінбейді анасын?
«Шын анам»-деп Дариғаға ұмтылар.
Жүрегімен болмысымен мың құлар.
Ал өз ұлы нан жегізген тым тұйық.
Сүт ембеуден бетіндегі жарасын,
Айыптауға үлкен жігіт құлқы бар.
Сездірмеген, іштегі мұң үн тұрар,
Анасына махаббаты шын биік!

Ағайындар жақсы көрген ертеден,
Жылы тартып, осы келін түскенін.
Дариғаның айтар жақсы істерін.
Келінменен береке де келгенін.
Ал енені өкініші өртеген.
Қартайғанда байқаған-ды күш кемін.
Кім ойлаған, түбі бармақ тістерін?
Жалынғанда қайта ма үйге бұл келін?

Сол кезеңде газет тапқан қызықты,
Дариғаға тым әсерлі көрінген.
Ол уақиға аңыз түрде берілген,
Анасынан жетім қалған шақалақ,
Жол бойында өткенге көз сүзіпті.
Сезіпті оны иманмен шын өрілген,
Әйелі де туып, қалжа желінген,
Әкеп берді өз ұлындай бағалап.

Ал әйелі өз ұлына еміреніп,
Оң жақ сүтін емізіпті жөн санап.
Оң жағынан басталар деп бар санақ,
Оң болсын деп барлық ісі өмірде,
Оң болуын аңсап, тағы тебіреніп,
Оң бастаса келер тағы қанша бақ,
Жігіт кезін елестетіп тамсанад,
Көріпкел боп кетеді адам кейбірде.

Тауып алған нәрестеге сол жағын,
Емізіпті: «Аман болса жарар»-деп,
«Ұлым байып кетсе малға қарар»-деп,
Қайдан білсін, болашақты болжап па?
«Болмас мәні оңай тапқан олжаның,
Үйдің қамын жасар, отын жағар»-деп,
«Мал артында жүрер, шөбін шабар»-деп,
Бар тағдырын шектеп қойды, қоршап та.

Екі бала екі түрлі өсті де,
Өз ұлының жасап барлық жағдайын.
Көзден таса етпеген-ді әрдайым.
Тәтті беріп, еркелетіп, есіртіп.
Тауып алған бала бейнет кешті де,
Күні бойы тер басады маңдайын,
Ата-ананың отын суы дап-дайын,
Шебер-ұста күй төгеді көсілтіп.

Жігіт болды екі бөлек ұл бала,
Өз ұлдары тым қатыгез, көкірек.
Бұл өмірге келгеніне өкінед.
Жан қинамас, мейірімсіз анаға.
Екінші ұл кішіпейіл, тым дана,
Мейірімді, ерекшелеу, тектірек,
Ата-ананың қамқоршысы көп тірек,
Әрбір сөзі ой түсірер санаға!

Ана сонда түсініпті қатесін,
Әр тағдырды Алла ғана айқындар!
Сол жақ деген жүрек тұсы солқылдар.
Ал жүректен тек жақсылық берілер.
Бұл әңгіме айқындатар төтесін.
Алтын құйма барлық кезде жарқылдар!
Түсінетін, ұғынатын халқым бар,
Жүрек қосса бар жақсылық өрілер!

Ана сүті киелі де қасиет,
Тектіліктің түп тамырын қозғайды.
Тарихты алсақ қара қобыз боздайды.
Көк бөріні бала емген аңыз бар.
Қайсарлық пен ерлік,өрлік-өсиет!
Ынтымақтың оты мәңгі маздайды!
Ерен елім ешқашан да тозбайды!
Әрбір перзент ата-анаға қарыздар!

Анам үшін аналарға бас идім!
Ақ сүтімен осы күнге жеткізген.
Ақ үмітін жалғастырған тек бізбен,
Ақ жол тілер сағым болып санада.
Тебірене жанарыма жас үйдім.
Күлкісіз күн, ұйқысыз түн өткізген.
Жараланған жанын уайым шеккізген,
Мәңгі тағзым, мәңгі құрмет анаға!!!
29.05.2009жыл.
загрузка...
Никто не решился оставить свой комментарий.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.
avatar