Наставник - сайт Открытых уроков. Учителя Казахстана. Образование в Казахстане
.
.
Сағыныш

Сағыныш

. Сағыныш
Сағынып жүрген шығарсың,
Сағыныш болған көктемді.
Күн өткен сайын ұғарсың,
Ұмытып наз бен өкпеңді.

Мөлдіреп тұрған кезіңнен,
Күн нұры сені өпкенде.
Қайталанбайтын сезіммен,
Жете алмай қалдық өткенге.

Қоштасып қалды-ау бал құрақ,
Қия алмай, қимай тал мүсін.
Табиғат сұлу балбырап,
Жаңбырмен төкті-ау алғысын...

Таза ауа бейне ан баурап,
Жылтылдап жүрек жапырақ.
Сол жақта жаным жаңармақ,
Бөленіп күйге атырап.

Арманға бастар қар тағы,
Сағыныш басты әлемді.
Сол жаққа мені тартады,
Өрілтіп өрнек өлеңді...

Өткенге ойша оралам,
Ертеңге үміт артылар.
Сананы ақ қар ораған,
Сағыныш күйі тартылар.

Көңіл құс күтер көктемін,
Жаз келер жанды жұбатып.
Күз келіп шықса еккенің,
Сағыныш тұрар сұратып...
10.03.2012жыл

Сағыныш
Таң атқанда әлемге жайып құшақ,
Күн көрінген, үмітпен байыпты шақ.
Сәуледен сені сезіп, сағынғанмын,
Есі кеткен ескексіз қайыққа ұқсап.

Жапырақтай жаныңды шықтан сезіп,
Тапырақтай дауылды ұққам кезіп.
Сағынышың самалмен келіп жетті,
Санамды ойға орап, жүректі езіп.

Сағыныш дерт аңсаумен үндескені,
Бір беймәлім жан дүнием күй кешкені.
Тартылыстың тірегі-тартымдылық,
Елжіретер емінтіп күнде естегі.

Мен сені сағынғанмын ұлы ұғымда,
Бұлақтың кәусар-зәмзәм тұнығында.
Жаныңның жарқын жағын жақын еттім,
Көңілімді көктем етіп сынығында.

Сұлулық әрлендірсе ел келбетін,
Табиғат тарту етер мол шербетін.
Ынтымақ адамзатты біріктірсе,
Сағыныш ұстап тұрар жердің бетін!
06.04.2012жыл.
Просмотров: 1512
.