Меню
Назад » »

Шұбар (поэма)

загрузка...
Шұбар (поэма)
Шұбар елі құпиялы сыр бүккен,
Тым ертеден басталады бұл атау.
Сыр бүгеді әрбір өлке, жыра, тау,
Қанша ғасыр өтіп жеткен бұл аңыз?!
Мағыналы іс қалады тірліктен,
Бәрін көріп тұр ғой анау Алатау,
Қарт шежіре құлазиды Қаратау,
«Шұбар» деген не білдірер, тыңдаңыз...

Осы маңда тылсым дүние табиғат,
Жер жәннаты дерсіз керім үйлескен.
Сұлулықпен ғажап әлем үндескен.
Жыңғыл, жиде, қамысымен ну орман.
Ол бір кезең тым иманды жамағат,
Адал бейнет еңбекпенен күн кешкен,
Адам бауыр бір – бірімен бірлескен,
Жұмақ жерге тең келетін жылы ордам.

Баяғыдан аңыз жеткен өткеннен,
Арыс өзен сыр шерткендей бұралып,
Мөлдіреген табиғаты құралып,
Құпиясын ішке бүгіп тартады.
Ну орманы жайнай түсер көктеммен,
Әсемдік-ай, ынтықтырар сұранып,
Сұлулық-ай сұқтандырар жыр алып!
Табиғатта сағынышың артады...

Бұзылмаған табиғат, адамзат та,
Ертедегі ол кезең ертегі еді.
Жаны таза адамзат көркем еді,
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар.
Бейбіт халық ертеңді бағамдап та,
Ынтымақ пен бірлік сыр шертер еді,
Болашақты ойлайтын өркен еді,
Ешнәрсе де қалмайтын ұмыт қалар.

Балбыраған мамыражай сол елді,
Қырсық шалған мал мен жаннан айырып.
Бала шошып, мал бағуға қайырып,
Сұмдық дауыс қорқынышпен оятқан.
Жауға қарсы жиналғандай қол енді,
Мал өрістен аман қайтпас жайылып.
Осы елдің батыры өжет, байы нық,
Зор уайымға салып қойды Жаратқан...

Ауыл аймақ жиналыпты бас қосып,
Құрып кетпеу жағын ойлап қамданып.
Жас жігіттер жалын атып жанданып,
Бес қаруын сайланыпты бармаққа.
Үлкендердің сөзін бөлмей тек тосып,
Батырларға арулар жүр таңданып.
Ал серілер одан сайын паңданып,
Күшке еніпті сенім артып әруаққа.

Жиналыпты өңшең палуан бура сан,
Алпауыт төс, бұқа мойын, нар тұлға.
Жаралғандай тау көтеріп артуға
Қаһарынан жау қашатын тәрізді.
Әңгімелеп ерліктерін орасан,
Сезбейтіндей не тұрғанын артында,
Аңғалдықтың айыпты ұқпас шартында,
Жер тепкілер іздегендей әр ізді.

Бірі шықты дауысы көкте жаңғырып:
«Тек көрінсін тіке шауып барармын,
Дәу мышықты тік көтеріп қалармын,
Бір қолыммен қылқындырып мыжымай,
Жүн терісін қолмен сылып алармын,
Жын перісін өзім ғана қағармын
Қарға құзғын жемтік етер құжынай...»

Енді бірі қарқ – қарқ күліп шықты да,
Сөйлеп кетті ешкімге де тоқтамай:
«Мұндай ерлік біздер үшін бақ талай,
Шұбар ала мышық шықса алдымнан,
Мен өзімді санап жүрем мықтыға,
Оралмаспын ел сенімін ақтамай.
Құйрығынан ұстап, жерде таптамай,
Айнымаспын ержүректік қалпымнан»

Сол ортада Боздақ тұрған байсалды,
Тектілігі өн бойына өң беріп.
Қайсарлықпен қаншама өнер меңгеріп,
Сабырлылық жас өренге жарасқан!
Жастайынан бағындырған қанша аңды,
Өз аңшы, мергендікті жөн көріп,
Еңбектенген, бос жүрмеген сенделіп,
Жүйрік мініп мәртебесі тағы асқан.

Қыран ұстап, абыройы асқақтап,
Елін, жерін сүйіп өскен ұлан-ды,
Қанмен келген қасиеті құралды.
Қарапайым қалпын сақтап қастерлі.
Жүрек жұтқан өзі ерлікке сұранды.
Ақылды жас өз міндетін ұға алды.
Сымбатты жан қыр сырымен әсерлі!

Бата берді ауыл биі қария,
Бүкіл қауым қолын жайды тізерлей.
Оңға баспас әрбір ісің түзелмей.
Жауынмен жер, батамен ер көгерер!
Ел ұйыған, ерге бата дария,
Тұлпарлар тұр қыл арқанын үзердей,
Ұзақ бата жақсылықты тізердей,
Жұрт сенімі: «Шұбар аңды өңгерер»

Қия алмастық ел ішінде басталды,
Кім перзентін қиындыққа қияды?
Аналар-ай, қалай жасын тияды?
Қас батырлар жолға шықты қамданып.
Ал жеңгейлер: «Жасаймыз» -деп Бастаңғы,
Абысын мен ажындарды жияды.
Көңіл сыйса бәрі дағы сияды!
Ұлы іске балалар жүр таңданып.

Боздақты да туған туыс қия алмай,
Қарындасы ерік беріп жасына.
Қол бұлғаумен шықты қырдың басына.
Тым алыста ерлер ұзап барады.
Өксік шығып көкірекке сия алмай,
Самал соғып желбірейді шашы да.
Қайран бауыр, қан туыстық осы да,
Ағасына мейірлене қарады.

Сағым дала елестетер әрнені,
Өңшең батыр ну қамысқа беттеді.
Құрдасына әзіл айтар шеттегі.
Табиғат та тамылжиды табынтып.
Жалын жастар басып жүрек пернені,
Махаббатқа соқпай тағы өтпеді,
Сыр айтылды, сұлу құшып өпкені,
Қайран жастық өтесің-ау сағынтып.

Жан шошырлық, сұмдық дауыс естілді,
Есеңгіреп батырсымақ тосылып,
Енді бірі безіп барад шошынып,
Қаруларын тастап көбі қашты да.
Елестетер сұм жалмауыз міскінді,
Батыр деген қарамайды жосылып,
Қоян жүрек озып барад қосылып,
Мақтаншақтың ұят пердесін ашты да.

Боздақ сонда намыс отқа оранып,
Достары үшін күйіп жанып барады.
Қыл арқанды сол білекке орады.
Қайраттанып қанжар алды қолына,
Нағыз ер ғой, елі үшін жаралып,
Күйіп отқа , жері үшін тоңады!
Қаһарланып төңіректі шолады,
Ешкім қарсы тұра алмас жолына!

Ырылдаған дауыс жаққа беттеді,
Нән жолбарыс атылды да аспанда.
Сол білекке тіс қадалды тосқанда.
Оң қолымен қанжар сұқты жүрекке!
Қыл арқаннан тісі етке жетпеді,
Құйды нөсер шұбар қанын шашқанда.
Құлап түсті тамақ астын осқанда
Қайран Боздақ «Ел»-деп жеткен тілекке!

Жолбарыстың терісін сылып, шаттанып,
Оралыпты абыройы асқақтап.
Еңбектенген адал жүріп, ас таппақ!
Ерге лайық қасиетімен өтіпті!
«Шұбар» деген ауыл содан сақталып,
Жер шұрайы, мекен тұрақ, асқақ бақ!
Боздақ барда ел көрмеген жасқақтап,
Аңыз болып бабалардан жетіпті!

Елің үшін шырылдайсың жанасың!
Топырағын сүйгеніңнің белгісі!
Қорғау үшін туылады ер кісі!
Туған жерге мәңгі өтелмес қарызың!
Хан болсаң да ел үшін бір баласың,
Туған жерде бар бақыты тең кісі!
Бірлік пенен ынтымақта ел күші!
Еселенер елге деген парызың!

Адамдықта асқан бақыт, құдірет!
Сыйласуда өмір шіркін түрленер!
Еңбекпенен бүкіл әлем гүлденер!
Өзіңді өзің тану оған баспалдақ!
Жақсылықтан игі істер мен жылы леп,
Өсер ұрпақ имандылық түрге енер!
Барлық игі жақсылық пен жүлделер,
Елді, жерді сүюіңмен басталмақ!!!
30.11-02.12.2011жыл.
загрузка...
Никто не решился оставить свой комментарий.
Будь-те первым, поделитесь мнением с остальными.
avatar