.
.
Сабақ жоспары Сөз құрамы. Түбір мен қосымша. Қара шаңырақ.
Сабақ жоспары | Предметы | Қазақ тілінен ашық сабақтар Загрузок: 405 | Просмотров: 6164 | Размер: 22.2 Kb | Автор: ТәрбиеОқытушының аты-жөні: Акимжанова Гаухар Сауалхановна
Пәні: қазақ тілі
Курс І топ САД-101, СЖД- 101 Мерзімі ______ _______
1.Сабақтың тақырыбы: Сөз құрамы. Түбір мен қосымша. Қара шаңырақ.
2. Сабақтың типі: аралас сабақ
3. Сабақтың түрі: ойын сабақ
4. Қолданылған технология: СТО технологиясы, ойын әдісі, шығармашылық жұмыс
5.Сабақтың жабдығы: интерактивті тақта мүмкіндіктерін пайдалану, бағалау парақтары, слайд,бейнефильм.
6. Сабақ мақсаты: Білімділік: студенттердің сөз құрамы бойынша алған білімдерін тиянақтау, қосымшаларды сөздерге дұрыс жалғай білуге үйрету, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана білуге баулу, тақырып бойынша ойларын еркін жеткізе алуға, ауызекі сөйлеуге жаттықтыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, топпен жұмыс істеуге дағдыландыру.
Дамытушылық: ауызша, жазбаша жаттығулар жүргізе отырып ,оқушылардың сауаттылығын , тілін дамыту, логикалық ойлау және сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік: әңгіменің идеясын таныту, оқушылардың мәтіндерді оқи отырып, сыни тұрғыдан талдауға өз көзқарастарын білдіре алуын, сөйлеу мәдениетін, ой түюге баулу қабілеттерін шыңдау, адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.
САБАҚ БАРЫСЫ:
І.Ұйымдастыру кезеңі:
- Әрбір адам?
- Туысым, досым, жұрағат.
- Әрбір сабақ?
- Үйрену, ұғу, ұлағат.
- Әрбір ісім?
- Тірлік,тірек, адамдық.
- Әрбір сөзім?
- Шындық, бірлік, адалдық.
ІІ.Білімді бақылау кезеңі: Лексикадан өткенді қайталау.
«Зерделеу» стратегиясы бойынша үй тапсырмасын тексеру (сұрақ - жауап)
1) Мұғалімнің сұрағы: Лексика нені зерттейді?
2) Жұппен жұмыс. Қатар отырған екі білім алушы бір-біріне сұрақ қойып, жауап береді.
1. Көнерген сөз дегеніміз не?
2. Архаизм дегеніміз не?
3. Тарихи сөз дегеніміз не?
4. Жаңа сөз дегеніміз не?
5. Диалект сөз дегеніміз не?
6. Термин сөз дегніміз не?
7. Кірме сөз дегеніміз не?
8. Кәсіби сөз дегеніміз не?
9. Табу сөз дегеніміз не?
10. Эвфемизм дегеніміз не?
11. Дисфемизм сөз дегеніміз не?
12. Сөзің тура және ауыспалы мағынасы туралы айтыңыз.
13. Омоним, синоним, антоним туралы не білесіз?
14. Тұрақты сөз тіркесі жайлы не білесіз?
15. Мақал мен мәтел туралы не айтасыз?
ІІІ.Жаңа сабақты меңгеру кезеңі:
1) Түбір дегеніміз – сөздің бөлшектеуге келмейтін ең түпкі мағыналы бөлігі. Ал, қосымша дегеніміз түбірге жалғанатын бөлшектер. Мысалы: жолдастық, сауыншылар, мектептердің, көрінген деген сөздердің түбірлері – жол, сау, мектеп, көр. Себебі бұлар қосымшасыз тұрып та белгілі бір мағынаны білдіреді. Осы түбірлерге жалғанған –дас, - тық, - ын, - шы, - тер, дің – бөлшектері қосымша деп аталады. Қосымша жеке тұрғанда ешбір мағына білдіре алмайды . Қосымша жұрнақ және жалғау болып екіге бөлінеді. Жұрнақ сөз тудырушы және сөз түрлендіруші болып екіге бөлінеді. Еш қосымшасыз түбір күйіндегі сөз негізгі түбір, жұрнақ арқылы жасалған сөз туынды түбір деп аталады. Түбірдің негізгі мағынасын өзгертіп, оған жаңа мағына беретін жұрнақты сөз тудырушы жұрнақ дейді. Мысалы: Жол – із немесе сапар мағынасын білдірсе, оған - дас қосымшасы қосылса, серік мәніндегі адам, ал – тық қосылса, адамдар арасында болатын қарым – қатынасты білдіреді. Осындай жұрнақтар арқылы жасалған сөздер туынды түбір немесе туынды сөз деп аталады. Сөйтіп, жол, сау деген негізгі түбірлер де, жолдас, жолдастық, сауын, сауыншы деген сөздер туынды түбірлер болып табылады. Бір сөзге бірнеше жұрнақ жалғана береді. Бір түбірден жасалған әр түрлі сөздер түбірлес сөздер деп аталады.Мысалы: өнім, өндіріс, өніс, өнгіш деген сөзде негізгі түбір – өн.
Жалғау - сөз бен сөзді байланыстыратын қосымша. Жалғаудың төрт түрі бар. Олар: көптік жалғауы, тәуелдік жалғауы, септік жалғауы және жіктік жалғауы.
2) «Ой шақыру» стратегиясы. Білім алушылар өз ойларын ортаға салады.
2.1. «Шаңырақ» сөзі нені білдіреді?
2.2. Шаңырақтың «қара шаңырақ» атануының себебі неде деп ойлайсыздар?
3) «Киіз үй туралы мәліметтер» бейнефильмін көру.
IV. Бекіту кезеңі:
Олай болса балалар, біз бүгінгі сабағымызда осы бейнефильмнен көргендерімізді еске түсіре отырып, «Киіз үй тігу» ойынына қатысып, түрлі тапсырмалар орындаймыз. Топ жетекшілердің алдында бағалау парақтары жатыр.Топ мүшелерінің жауаптарын парақтарға белгілеп отырасыздар.
Сонымен киіз үй тігу үшін бізге ең алдымен не істеу қажет деп ойлайсыздар?
Керегені жаю: І топ. 1-тапсырма. Оқып шығып, мәтіндегі негізгі ойды анықтаңызар. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді құрамына қарай талдаңыздар.
Қара шаңырақ
Қазақ үшін кенже бала шаңырақ иесі. Басында балалары өз алдына отау үй тіккенде, әрқайсысы қара шаңырақтан енші алады. Әкем марқұм ұзақ сапарға жолаушылап шыққанда, жүз шақырым жердегі қалада тұратын Кәрім дейтін немере інісінің үйінен міндетті түрде дәм тататын.
Бірде менің «неге?» деген сұрағыма әкем: «Қара шаңырақ осы үйде» деді. Кейін білсем, әкем ғана емес, жақын туыстардың барлығы да сол үйді аттап өткен емес. Өйткені Кәрім ағаның бесінші атасы Наурызбай бабамыздың кенжесі көрінеді. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында да, тіпті аталарымыз бен әкелеріміз осы үйден дәм ауыз тиіп, майданға аттанған екен.
Қара шаңырақтың амандығына не жетсін!
ІІ топ. 1-тапсырма. «Семантикалық карта» стратегиясы. Мәтінді мәнерлеп оқып, кестені толтырыңыздар.
Киіз үй
Киіз үй – көшпелі халықтар үшін қолайлы баспана болып табылады. Қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдардан бері пайдаланып келеді. Ол тез құрылып, тез жиналады. Киіз үйдің құрылысы кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, табалдырық, маңдайша, таяныш секілді бірнеше негізгі бөліктерден тұрады. Сыртынан жабатын киізді – «туырлық» деп атайды. Туырлық ақ немесе қоңыр болуы мүмкін. Бұл киіз басылған қой терісінің түсіне байланысты. Осы сыртқы келбетіне қарай ақ үй, қоңыр үй деп атайды. Киіз үйдің бөліктері сәмбі талынан жасалады. Халық арасында сәмбі талын сыр талы, қайыр талы, боз тал, деп те атайды. Киіз үйді жасайтын шеберді «үйші» дейді. Киіз үйді әдетте 3-4 адам 1 сағаттың ішінде құра алады.
Сөздер түбір жұрнақты жалғаулы
көшпелі + +
болып
халқы
үйді
мыңдаған
бөліктерден
жабатын
терісінің
келбетіне
талынан
шеберді
Шаңырақты көтеру: І топ. 2-тапсырма. «Араласып кеткен мәтіндер» стратегиясы. Топқа араласып кеткен мәтін таратылады. Мәтінді жүйелеңіздер. Оқып, дұрыс нұсқасымен салыстырыңыздар. Жұрнақ жалғанған сөздерді табыңыздар.
Киіз үй тігу
Киіз үй – тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс. Көшіп қонуға ыңғайлы, жер сілкінісіне төтеп беретін ең қолайлы жәдігер. Кереге, шаңырақ, уық, сырқырлауық – киіз үйдің негізгі бөлшектері. Соның ішінде — Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасы болып есептеледі. Ол — талдан, жіңішке қайыңнан жасалады. Кереге санына қарай киіз үй 4,6, 8, 12 қанат етіп тұрғызылады. Ал, Хан ордасының кереге саны 30-ға дейін жетеді. Ал шаңырақ болса – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Қазақы нанымда шаңырақты еш уақытта төңкеріп қоюға болмайды. Тіпті шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкімнің сөйлеуіне болмайды екен. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз осының дәлелі болмақ. Ал, уық кереге мен шыңырақты жалғап тұрады. Сықырлауық болса кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп – шығатын есік қызметін атқарады. Ағашы толығымен құрылып болған соң — киізі жабылады. Сөйтіп, дайын үйге қазақ баласы еңкейіп кіреді.
ІІ топ. 2-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, жалғау жалғанған сөздері табыңыздар. Қандай жалғау екенін айтыңыздар.
Қара шаңырақтың қасиеті
Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл — құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз. Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, аса қатты қадірлеген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған Ол атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Сондықтан шаңырақ арқылы ұрпақтан - ұрпаққа ата-бабалар рухы, күші жалғасады. Киіз үйдің басқа бөлшектері тозса, оларды жаңартып отырған, ал шаңырақты сақтайтын. Ошақ түтініне ол қараяды, сондықтан оны халық « Қара шаңырақ» дейді.
Уықтарды шаншу. І топ. 3-тапсырма. «Киіз үй тігу» мәтініндегі асты сызылған сөздерге мақал-мәтелдер немесе нақыл сөздер (бата-тілектер) жазыңыздар.
Үй, кереге, шаңырақ, орда, жетi, есік, сөйле .
1.Өз үйім – өлең төсегім.
2. Керегең кең болсын!
3. Шаңырағың биік болсын!
4. Отызында орда бұзбаған,
Қырығында қамал алмас.
5. Жеті жұрттың тілін біл,
Жеті түрлі білім біл.
6. Алғаның жақсы болса,
Есіктегі басыңды төрге сүйрер,
Алғаның жасан болса,
Төрдегі басыңды көрге сүйрер.
7. Әке тұрып ұл сөйлегеннен без,
Шеше тұрып, қыз сөйлеген без.
ІІ топ. 3-тапсырма. Қазақ халқының тыйым салу сөздері өте көп. Солар арқылы балаларына тәлім- тәрбие берген. Үйге қатысты сөздер де баршалық. Оларды жалғастырып айтыңдар.
1. Керегені – керме
2. Табалдырықта – тұрма
3. Есікті – теппе
4. Үйге қарай– жүгірме
5. Үйде – ысқырма
6. Есікті қатты - жаппа
Есікті орнату. І топ. 4-тапсырма. «Қара шаңырақ» мәтініндегі асты сызылған сөздердің қосымшаларын тауып, түрін (жұрнақ па, жалғау ма) ажыратыңыздар. Балалары, сұрағыма , бабамыздың, иесі, тұратын , деді.
ІІ топ. 4-тапсырма. «Киіз үй» мәтініндегі асты сызылған сөздерге тәуелдік жалғауын жалғаңыздар.
Үй, баспана, келбет, халық, сағат, шаңырақ.
Киіз жабу. І топ. 5-тапсырма. Сөздерді септеңіздер. Сөз тіркесін немесе сөйлем құраңыздар.
Есік, ел. Үлгі: А.с. есік ашу, ел көру
ІІ топ. 5-тапсырма. «Қара шаңырақтың қасиеті» мәтініндегі қарамен жазылған сөздерді үшінші жақта тәуелдеңдер, кейін үш жақта жіктеңіздер.
Халық, бала, ұрпақ.
V. Қорытындылау: «Зерделі сұрақ, дәлелді жауап».
• Сабақтан қандай әсер алдыңыз?
• Сабақ барысында қандай қиындықтар туындады?
• Қай тапсырма орындауда қызықты болды?
• Біліміңізді қай тапсырманы орындағанда толық жеткізе алдыңыз?
VI. Үй тапсырмасы: 1) Өтілген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып отбасын құру үшін өзіңізге қоятын талаптар тізбесін жазып, сөздерді құрамына қарай талдаңыздар. 2) Тапсырмаларыңызы электрондық пошта арқылы жіберіңізер.
VIІ.Білімді бағалау: 1. Екі топ бірін-бірі бағалайды. 2.Топ жетекшілері топ мүшелерін бағалайды. 3.Мен өз бағамды беремін.
Бағалау парағы
№ Топ мүшелері Керегені жаю
Шаңырақты көтеру
Уықтарды шаншу Есікті орнату.
Киіз жабу.
1
Әр кезең 10 баллдық жүйемен есептеледі. Бір топтың екінші топты бағалауы 20 балл, мұғалімнің бағалауы 30 балл. Егер білім алушы 81-100 балл жинаса «5», егер 61-80 балл жинаса «4», егер 41-60 балл жинаса «3» деген баға алады.
Оқытушы:______________________
Бекітемін:______________________
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.