.
.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға!
Сабақ жоспары | Документы | Тәрбие сағаты Загрузок: 688 | Просмотров: 7530 | Размер: 28.9 Kb | Автор:Мақсаты: Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, жалауша, шарлар.
Мағжан: Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Ләззат: Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы –
Мағжан: Ұстаз ... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.
Ләззат: Дұрыс айтасың Мағжан.
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған » немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
Мағжан: Иә, Ләззат.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ләззат: Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде еңбегі зор.
Мағжан: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Ләззат: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
Мағжан: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.
Мағжан, Ләззат: Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем бола берсін демекпіз.
Мағжан: Олай болса бүгінгі мерекеге арналған «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» атты ашық тәрбие сағатымызды ашуға рұқсат етіңіздер. Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына ақ лебіз, жылы тілегін білдіру үшін ортамызға мектебіміздің басшысын шақырамыз. Алғашқы сөзді мектеп басшысы Амантаев Рүстем ағайға береміз. Рахмет, ағай!
Ләззат: «Мектебім» әнін қабыл алыңыздар. Орындайтын Төлебек Мейрамбек, Рысбай Айғаным
Мағжан: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.
Ләззат: Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.
Қазақ биі
Мағжан: «Мектеп – білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі» - деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, Ләззат менің ойымша, кез – келген адам ұстаз бола алмайды.
Ләззат: Олай ойлауыңның себебі неде?
Мағжан: Себебі ұстаздық - өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді.
Ләззат: Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.
Ұлжан, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Мағжан: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Көрініс: «Баласы мен атасы»
Мейрамбек: - Ата, маған мектепте,
Ұрыспай ма мұғалім?
Мен білетін ертекке,
Дұрыс, дей ме, шырағым!
- Ата, мені мұғалім,
Сіздей жақсы көре ме?
Орындалып сұрағым,
Көтере ме төбеге?
Еркелегім келсе егер,
Көтерем бе қолымды?
Еркелікке, көнсе егер
Күнде етем бе сонымды?
-Ата, Сізсіз мектепке,
Тіпті барғым келмейді.
Ертіп баршы мектепке,
Сонда ешкім жеңбейді.
Бердібек:
Айналайын, ақылдым,
Өмірімнің жалғасы.
Қартаюға жақынмын,
Арманымды жалғашы.
Сен ақылды баласың,
Мектебіңе барасың.
Ұрыспайды мұғалім,
Ол да сенің анашың.
Тәртібің мен білімің,
Қатар өсіп дамысын.
Жеңбесі жоқ білімнің,
Қосылса оған намысың.
Еркелікті қалдыр да,
Үйде отырған атаңа.
Ақылыңды алдырма,
Адал бол, ақ батама.
Атасының баласы
Жаман бала болмайды.
Қабыл болып батасы
Алла өзі қолдайды!
Досалы:
Ғұлама, білгіш ғалымнан
Оқушы жас жалыннан
Мархабатты ойшылдан
Мал өсірген қойшыдан
Жазушыдан, ақыннан,
Космонавтан, батырдан,
Өнері тасқан артистен,
Ырыс қазған шахтерден,
Мың бұралған бишіден
Ой тербеткен күйшіден
Сіздерге бүгін мың алғыс (бәрі бас иеді)
Хор: «Мұғалім – ол біздің» әні орындалады.
Гүлсім:
Ұлт ұстазы
Кім ұғады оқушының тілегін,
Кім ұғады оқушының жүрегін.
Ұғатын кім, үйден аттап шыққан соң,
Ұғатын ол - ұстаздар деп білемін.
Оқушыға мейірі мол анадай,
Ол қуанса, қуанады баладай.
Түсе қалса, қабағы мен қасы егер,
Жұбатады жылы сөйлеп аялай.
Ләззат:
Үйретеді жалықпастан өнеге,
Отырығызып білім атты кемеге.
Теңіздейін тереңіне бойлатып,
«Маржан» терсе, көтереді төбеге.
Өрелі боп өссе ұлы-қыз бағына,
Асып - тасып мерейленіп тағы да
-Міне, менің шәкірттерім осындай,-
деп, өткенін еске сағына.
Жақсы шәкірт - жақсы ұстаздың жалғасы,
Өзендердей ортаймайтын арнасы.
Ұлт ұстазы, ұлағатты келіскен,
Ар-білімін ұрпағыңа арнашы!
Хор: «Біз бақытты балдырғандар» Сөзі М.Әлімбаевтікі, әні Ө.Байділдаевтікі
Бердібек:
«Ұстаз деген....»
Мұғалім мен ұстазда бар айырма,
Ұстаз деген - жақсы әндегі қайырма.
Мұғалім, ол - бар болғаны ма мамандық,
Жеткенінше жеті өнерлі шайырға.
Ұстаз деген - ұлағаттың шайыры,
Қадірінің тиетұғын қайыры.
Ұстаз деген - шуағы мол шапағат,
Шаршамайтын, шалдықпайтын, тәйірі.
Ұстаз деген - ұстаз болып туғандар,
Ұлылықты ұлықтаған имандар.
Гүлсім:
Ұрпағының ертеңіне жол ашып,
Өмірінің әр шақтарын қиғандар.
Қимағандар — ұстаз емес, мұғалім,
Мұғалім боп, ұстаз болмау күнә, мың.
Қара тақта, ақ бор ғана қолданып,
Ұстатты ұстаз дүниенің құлағын.....
Жақсы ұстаздың шын мәңгілік пайдасы,
Өзіне обал арзан дәріс, айласы.
Ұстаз болу бақыт, әрі абырой
Ұстаз деген – шәкірттердің айнасы.
Қыздардың орындауында би «Қазақ вальсі».
София:
«Ұстаз ағай»
Ұстаз апай неге көп,
Кілең жұмсақ жүректі.
Ұстаз ағай неге жоқ,
Ыбырай ата - тілекті.
Ұстаз аға көбейсе,
Ұлдар ұқсап бақпай ма?
Тұлғалардай кешегі
Намыс отын жақпай ма?
Ұстаз ағай мектептің,
Тірегіне айналса.
Ұстаз апай мектептің,
Жүрегіне айналса.
Ұл - болмай ма ұлықты,
Қыз - болмай ма қылықты.
Бердібек:
Өмірімнің жалғасы түлектерде,
Жас ұрпақтың өмірін мәпелеген,
Бір саналар ана менен әкеменен
Мен ұстазбын, бірімін, миллиондардың,
Болашаққа, ұрпаққа жетелеген.
Алтынай:
Диханмын мен жерге емес, жүректерге,
Ұлан - асыр өлшеусіз тілектерге.
Дән орнына азамат жан өсірем,
Өмірімнің жалғасы - түлектерде.
София:
Ізденетін үнемі сан саладан,
Жүгім ауыр, демеймін арқалаған.
Ел мақтаны азамат өссе болды,
Осы менің тілегім бар қалаған.
Ақбота:
Ұстаздар Хан бол, мейілің, қарабол
Дарын бол, мейілің, дара бол.
Өтетін бәрі алдынан,
Ұстаздар бейне сара жол.
Ұстаздар - ұлттың тірегі,
Ұстаздар - мектеп жүрегі.
Көрініс. Кітаптар мұңы Автор:/Мектептің отын қоймасы. Бір құшақ кітапты әкеліп тастай салды. Есік жақтағы бір кітап басын көтеріп қарап қояды. Ыңырсыған дауыстар/. 1.Қазақ әдебиеті:-Ей, /жанындағысын түртіп/ тұрсаңшы, қайда келдік? 2.Дүние жүзі тарихы: -Ойбай, басым! Мазамды алмашы, бүйткен тіршілігі құрысын! Мұнан да парақтарымның пәре-пәресін шығарып, желмен ұшырып жібергені жақсы еді. 1.Қазақ әдебиеті: -Не болды? Жалғыз сенің басыңа келген қасірет қой дейсің бе? Көтер басыңды. Кімсің өзің? Сыртың бүп-бүтін ғой. 2.Дүние жүзі тарихы: -Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін. Мен үшін авторлар түн ұйқысын төрт бөліп қанша қызмет етті, баспа қызметкерлері әр әрпімді жекелей теріп көз майын тауысты. Сонда кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын, адам болсын деген ізгі ниеті еді ғой бәрінікі. 3.Табиғаттану: -Иә, достар, менің де күнім сендердікіндей. Мен де қолымнан келгенше бойымдағы білімімді беріп, балаларды адамгершілікке, парасаттылыққа, өз жерінің табиғатын тануға тәрбиелеуге тырыстым, бірақ Адырбай деген бала мені әбден шимайлап, жыртып, қорлады. 1.Қазақ әдебиеті: -Біздің де оңып тұрған жеріміз жоқ, әріптестерім. Енді мұңдас болдық. Мен де Сотқарбай деген баланың қолына түстім. Әдепкіде оқулық болып, мектеп босағасын аттағаныма қуанып едім. Оным көпке бармады. Сотқарбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді сиямен бастырып, сызып тастады. 2.Дүние жүзі тарихы: /асығып, тұтығып/ -Әуелі көтеріп жүруге ауырсынды ма, кейде өзіне керекті бір беттерімді жыртып алатынды шығарды. Оқу жылы аяқталған күні мектеп ауласында доп қылып тепкілеп, сілікпемді шығарды да, тастап кетті. 1.Қазақ әдебиеті: -Әріптестер, ең құрығанда кіші сынып оқушыларына неге жоғары сынып оқушылары айтып қоймайды екен?! Олар да кінәлі-ау! 4.Математика: -Дұрыс айтасыңдар! Менің оқушым үйінде парақтарымды жыртып алып, кептер жасап ұшырып ойнағанда, 10-сыныпта оқитын ағасы қой демеді-ау! 1.Қазақ әдебиеті: -Бірақ әр оқушы өз дүниесіне ұқыпты болу керек қой. Ондай ұқыпты балалар да жоқ емес. Бірақ олар Адырбай мен Сотқарбайларға ақыл айта алмай келеді. 2.Дүние жүзі тарихы: -Иә, иә, сен дұрыс айтасың. Менің өзім сияқты құрдасым болды. Ол екеуміз мектеп кітапханасынан бірге шықтық. Қызық болғанда, сыныпта да парталас болдық. Міне, оқушы деп оның иесін айт. Ондай баланың қолына түссең, арманың болмас, шіркін! Кітабына кір жуытпайды. Керек бетін белгілеу үшін, парағын қайтармайды, арасына қағаз салып қояды, сызбайды, сия тамызбайды. Оның кітабы су жаңа күйінде шықты. 3.Табиғаттану: -Енді бізді не істер екен? Әлде отқа тамыздық етер ме екен. (Бәрі селк ете түсті. Бір сәтке үндері шықпай, іштен тынды.) 1.Қазақ әдебиеті: -Қой, мүмкін бір кәдеге жаратар. Қайтадан түптер. 4.Математика: /кекетіп/ -Түптер. Түптесе сені түптер, ал түптеуге келмейтін тұттай жалаңаш бізді қайтеді? Бізден енді оқулық шықпайды. Осы отырған бәріміз де жарымжанбыз. 2.Дүние жүзі тарихы: /басу айтып/ -Әріптестер, мен тарихты білсем, бізді фабрикада қайта жуып, тазартып, сиямыздан, бояуымыздан арылтып, баяғыдай ақ қағаз жасап, баспаханаларға жөнелтеді. Баспахана қайтадан кітап етіп шығарады. Тек келесі жолы ұқыпты оқушының қолына түссек екен деп тілейік. Бәрі: -Иә, иә, соны айтсаңшы. Ылайым солай болсын. Бізді аялап ұстаса ғой. /Бәрі үміттеніп кетеді/.
Балнұр:
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
София:
Ендеше, Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.
Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар!
Алдарыңызда «Ұстазым менің» әнімен Рыспай Алтынай, Пазыл Ақбота
Ақбота: Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс - жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Айғаным:
Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен, дирижер боп күлімдей.
Алтынай:
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың.
Мағжан: Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой Алла-ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
Нұржігіт:Ұстаздарға мың алғыс
Алғыстарым көп менің,
Асыл анам, мектебім!
Үйреткені адалдық,
Ұсынғаны адамдық,
Текті мінез, даналық
Бар ұстазға тілейміз:
Бақыт, табыс, амандық!
Жайна:
Мұғалім-ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың, даналардың
Өмірде сенің алар орыныңды
Бәрі де жеткізе алмас бағалардың
Ақбота:
Өткізіп өз алдыңнан талай бала,
Бойына құйдың ақыл , ой мен сана
Сарп етіп сан жылдық еңбегіңді,
Ақылшы, тәрбиеші, болдың аға
Шахар:
Атағым Алатаудай болып биік,
Тұрса да төбем өсіп көкке тиіп
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,
Тұрармын «Ұстазым!» деп басымды иіп.
Абай:
Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға
Тарап демде кетеді шаршауың да
Бал-бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер
Тұрғанында солардың қоршауында
Бауыржан:
Қиындықта кезіксең көп асу да
Қанша терің төгіліп жол ашуға
Сен шәкірттің ұстазы болмайсың тек,
Сен өмірдің ұстазы боласың да!
Мағжан: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын.
Ләззат: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгін тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.
Ләззат: «Мектебім» әні орындайтын Нагимова София .
Мағжан: Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам
Ләззат: Мектеп үйім, ұстаздарым ата – анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырлары сан тарапқа тараған.
Мағжан: Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімімен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын !
Ләззат:Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Мағжан: Құрметті ұстаздар, қонақтар !
Бүгінгі Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» атты ашық тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймыз.
Ләззат: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп – көп рахмет!
Скачать методички (классные уроки) для учителей по разным предметам: история, литература, физика. Как провести урок с учеником, вам поможет грамотно составленный план урока. Занятия по математике, литературе, физике, информатике, химии, психологии.
.